03 сәу, 2020 сағат 16:22

Біртанов: Дәрігерлер жақындарына ауру жұқтырмас үшін үйіне барғысы келмейді

Коронавируспен күрес кезінде өңірлерде дәрігерлерге жатақханалар мен қонақүйден орын беріледі. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бүгін мемлекеттік комиссия эпидемияға қарсы және санитарлық стандарттарды мүлтіксіз орындау, медициналық ұйымдарды мақсатты қолдану және карантиндік және провизорлық стационарлардағы медициналық қызметкерлерді карантиндік жағдайға ауыстыру туралы шешім қабылдады. Яғни, науқастармен байланыста болған медициналық мамандар бұл нысандарға келмеуі тиіс», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. 

Оның айтуынша, облыс әкімдері эпидемия кезіндегі жұмыста дәрігерлерге қонақүй мен жатақхана тауып, көлікпен және тамақпен қамтамасыз етіп жатыр. 

«Дәрігерлерге тиісті тұрмыстық жағдай жасалуы керек. Бірқатар өңірлер бұл жұмысты белсенді бастап кетті. Менің ойымша медициналық мамандардың мәселелері шешіліп, күдігі сейіледі. Түсінеміз, көптеген мамандар аурудан қауіптеніп, үйлеріне барғысы келмейді. Сондықтан бұл шешімге толық негіз бар», - деді Е. Біртанов.