24 ақп, 2020 сағат 10:47

Дәрігерлер туберкулезден емделушілерді смартфон арқылы қадағалайды

Туберкулезге шалдыққан науқастар емханаға келмей-ақ, емін үйде жүргізе алады. Оларды фтизиаторлар смартфон арқылы қадағалайды. Бұл туралы Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры Мәлік Әденов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры Мәлік Әденов саладағы бірқатар өзгеріспен қатар жаңа технологиялық жетістіктердің еліміздің шалғай аймақтарында тұратын науқастарды қашықтан бақылауға жол ашып отырғандығын мәлім етті.

«Тиісті ем қабылдау үшін емханаға күнделікті келу міндетті емес. Яғни, айналасындағыларға қауіп тудырмайтын науқастар дәрісін үйінде қабылдап, смартфон арқылы емдеу мекемесімен байланысқа шығып отырса жеткілікті. Жаңа технологияны қолдану арқылы медбикенің жүктемесі де азаюда. Мысалы, емхана дәрігері күніне 10-15 адам қабылдайтын болса, бейнебайланыс арқылы бұл көрсеткіш 40 адамға жеткен» – дейді ҚР ДСМ «Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының» директоры Мәлік Әденов.

Жүріп-тұруы мен қозғалуы қиын науқастарға фтизиопульмонология орталығының мобилді тобы көмектеседі. Олар қажетті дәрілердің ішу уақытын қадағалайды.

«Біз науқастардың әлеуметтік жағдайын да назардан тыс қалдырмаймыз. Смартфоны жоқ адамдарға уақытша мобильдік қосымшасы жүктелген ұялы телефонды ұсынамыз. Сол арқылы оның емін бақылауды жалғастырамыз», - деді Мәлік Әденов.

Қазір еліміздегі барлық фтизиаторлар тұрғындармен қоян-қолтық жұмыс істейді. Ауруға қарсы егу, флюрография, қолжетімді ақпараттар – туберкулезбен күрестің басты қаруы.

«Бүгінгі таңда аурудың алғашқы белгілерін әр адам білуі тиіс. Бұл – жүдеу, екі аптаға созылатын жөтел, дене қызуының көтерілуі. Әрине, мұндай жағдайды болдырмаудың негізгі жолы аурудың алдын алуға байланысты. Егер науқастың бойынан туберкулез белгісі табылып жатса, ерте бастан емдеу тиімді әрі сапалы болады», - деді Мәлік Әденов