01 сәу, 2020 сағат 20:11

Дәрігерлер СҚО-да коронавирус жұқтырғандар туралы айтты

Солтүстік Қазақстан облысында коронавирус жұқтырған екі адам бұған дейін анықталған әйелмен қарым-қатынаста болған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

СҚО Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жұқпалы індетті жұқтырғандар Петропавл қаласының 1971 және 1975 жылғы тұрғындары. Екі әйел де үй карантинінде болған. Сараптама алынып, инфекцияны жұқтырғандары расталғаннан кейін науқастар алгоритмге сәйкес жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілді. 

Мамандардың айтуынша, олардың жағдайлары бірқалыпты. Үйлерінде дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ қарым-қатынаста болған айналасы анықталу үстінде. 

Бұл – СҚО-да бүгіндікке анықталған осымен үшінші жағдай. Бұған дейін Петропавл қаласының 1954 жылы туған тұрғынынан да қауіпті індет табылған болатын. СҚО Денсаулық сақтау басқармасы жетекшісінің орынбасары Нұрлан Аймановтың айтуынша, коронавирус инфекциясы табылған әйелде пневмония ауруының белгілері болған. Қан талдауы оның ауруды жұқтырғанын көрсеткен. Онымен жақын қарым-қатынаста болған 73 адам және ауру ошағы табылған үйдің подъезі карантинге алынды. ⠀