08 сәу, 2020 сағат 14:54

Дәрігерлер 3 жасар сәбидің асқазанынан магнит білезік алып шықты

Алматыда 3 жастағы бала магнит білезік жұтып қойған. Дәрігерлер шұғыл ота жасап бөгде затты алып шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына 3 жасар баланың анасы жүгінген. 

Рентгенография жасаған кезде баланың асқазанында магнит батарея бары анықталды. 

Дәрігерлер балаға шұғыл ота жасап, асқазанындағы бөгде затты алып шықты.

«Магниттік заттарды алған кезде бір қиындық бар. Магниттер хирургиялық инструменттерге жабысады. Сондықтан, эндоскопиялық жолмен, тіліксіз ота жасау мүмкін емес болды», - деді Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының қабылдау бөлімінің меңгерушісі Мейіржан Құрманәлиев. 

Қазір баланың денсаулығы қалыпты. Жақында үйіне шығарылады. 

Мамандардың айтуынша, карантин кезінде бөгде зат жұтып қойып келетін балалар саны сиреген. 

Бұл ата-аналардың баласының қасында отырғанын білдірсе керек. 

Дәрігерлер тиын, шар, метал, моншақ сияқты заттарды балалардан қашық ұстау керектігін ескертті.