10 қаз, 2019 сағат 10:45

Дәрігер даярлауда эксперимент жасауға болмайды - Нұртөре Жүсіп

Парламент Сенатының жалпы отырысында депутат Нұртөре Жүсіп медицина саласы мамандарын даярлаудағы проблемаларды көтерді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазіргі таңда Қазақстанда 230 мың медицина қызметкері бар, оның ішінде 70 мың дәрігер, 160 мыңнан астам орта медицина персоналы жұмыс істейді. Әлем өзгерді: жаңа технология тез дамып жатыр, соған сәйкес қоғамның да сұраныс талабы артып отыр. Мыңдаған білікті дәрігер халқымыздың денсаулығын кірпік қақпай күзетіп тұрғанын да айтуымыз керек. Бірақ осы заманғы аппаратурасы бар ең жақсы материалдық-техникалық база дегеніңіз кәсіби мамандарсыз, адам факторынсыз құр әшейін темір ғана болып қалмақ. Іс жүзінде онымен жұмыс істейтін мықты маман табыла бермейді. Күнделікті өмірде науқас адамды емдеуден бұрын диагнозды дәл қою мәселесінің өткір тұрғандығын көріп жүрміз. Диагноз дұрыс қойылмағандықтан оның арты қаншама қайғылы жағдайға душар етуде», - деді сенатор ҚР Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаевтың атына жолдаған депутаттық сауалында.

Оның айтуынша, жыл сайын медицина саласына жоғары оқу орындарын бітірген жүздеген жас маман келеді. Солардың көбісінің қажетті білімі мен дағдысы, дәрігерлік машығы нашар.

«Олардың көбісі дербес жұмыс істеуге әзір болмай шығады, операция столында бір сәт тұрып көрмеген, озық техникамен жұмыс істеуді білмейтін тәжірибесіз маманнан не күтуге болады? Тіпті иненің өзін дұрыс шанши алмайтындар кездеседі. Себепсіз салдар болмайды.Тиісті салаға маманданбаған жоғары оқу орындарында дәрігерлерді даярлау ісіне жол беріп отырмыз. Елдегі бірқатар педагогикалық, жекеменшік университеттер дәрігер кадрларын оқытуға көшті. Басқа салада эксперимент жасауға болатын шығар, бірақ дәл медицина саласында мұндай эксперимент жасауға болмайды. Дәрігерлерді тек қана осы салаға бағдарланған, терең тарихы мен заманауи мүмкіндігі зор, бұрыннан қалыптасқан университеттерде ғана оқыту қажет деп есептеймін», - деді Н. Жүсіп.

Осы орайда депутат профильді емес жоғары оқу орындарының жанынан медицина факультеттерін ашудың қандай қажеттігі бар екендігін сұрады.

«Мұндай факультеттердің клиникалық, қаржылық, ұйымдастырушылық мүмкіндіктері қаншалықты? «Кадр тапшылығын жоямыз» деп жүріп, біліксіз кадрлар қаптап кетсе, күні ертең кім жауап береді?», - деді сенатор.