12 қаз, 2018 сағат 07:23

Дариға Назарбаева өз жасымен мақтанатынын айтты

ҚР Тұңғыш Президенті қорының директоры, Парламент Сенатының депутаты Дариға Назарбаева жас журналистердің басын қосқан Jas Qalam форумында жастарға күн сайын білім алудың маңызы туралы айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Мен 55-те болсам да өз жасыммен мақтанамын. Күн сайын оқимын. Білмейтінім болса, оны айтуға ешқашан ұялмаймын. Министрлер келіп «ақылды» сөйлей бастайды, сол кезде оларға өзімнің жақсы түсінбегенімді ескертіп, айтқысы келген нәрсені адами түсінікті тілмен түсіндіруін сұраймын. Осыдан соң диалог орнай бастайды. Министрлік не әкімдік беретін пресс-релизге қарап қалмай әрі қарай түсініңіздер. Егер сіздер қандай да бір оқиға туралы хабар таратуға барсаңыздар алдын ала осы оқиға туралы ақпарат жинаңыздар. Ол жерде не туралы айтылады, не үшін адамдарды жинап жатыр дегенге жауап алу тиіс. Себебі осындай форумдар, конференциялар, әкімдердің тұрғындармен кездесуінен біріншіден, уақыт кетеді, адамдар жұмыс істейді, логистика, қаржылық шығын бар. Сол үшін де бұл не үшін қажет, халыққа не береді, әкім, министр, оның орынбасары не банк төрағасы не айтқысы келді, осы сұрақтарға жауап алуды алдарыңызға қойыңыздар», - деп кеңес берді Назарбаева.

Сенатор журналистиканың өте қызық мамандық екенін айтып, осы мамандықты таңдаған жастарды құттықтады.

«Кәсіби болу үшін өз-өзіңмен жұмыс істеп, күн сайын білім алу қажет. Әрқайсысыңыз табысты, әрдайым оқырмандарыңыздың үлкен сеніміне ие боласыздар деп ойлаймын», - деп сөзін түйіндеді Дариға Назарбаева.