24 сәу, 2019 сағат 16:07

Данияр Қайсанов - еркін күрестен Азия чемпионы

Қытайдың Сиянь қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында Данияр Қайсанов еркін күрестен жеңімпаз атанды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазақстан күрес федерациясы мәлім еткеніндей, Д.Қайсанов 74 кг салмақта топ жарды.

Данияр іріктеу сатысында моңғолиялық Отгонбаяр Батсуриді 8:1 есебімен ұтты. Ширек финалда өзбекстандық Артем Присяжнюкты бет қаратпай жеңді - 12:0.

Жартылай финалда бахреиндік Адам Батыровтан айласын асырған Д.Қайсанов соңғы бәсекеде үндістандық Амит Кумардың 5:0 есебімен меселін қайырды.

Өткен жылы Шығыс Қазақстан облысының өкілі Д.Қайсанов Бішкекте Азия чемпионатының қола жүлдегері атанған болатын. Содан кейін Азия ойындарында күміс жүлдеге қол жеткізді. Енді, міне, алтыннан алқа тағып отыр.

Бүгін күрескен басқа балуандар жүлдеге ие бола алмады.

Осылайша еркін күрестен Қазақстан құрамасының бас бапкері Әсет Серікбаевтың шәкірттері 2 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық еркін күрес шеберінің Азия чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.