07 мау, 2018 сағат 01:03

Данияр Елеусінов кәсіпқой бокстағы екінші жеңісіне қол жеткізді (видео)

Рио Олимпиадасының чемпионы, қазақстандық Данияр Елеусінов Лондонда өзінің кәсіпқой бокстағы екінші кездесуін мажарлық Золтан Шабомен өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Мажарстан спортшысы осыған дейін кәсіпқой рингте барлығы 36 кездесу өткізіп, соның 24-інде жеңіске жетіп, 11-інде ұтылып қалған еді. Ал Елеусінов Нью-Йоркте, биылғы 28 сәуірде өткен алғашқы ұрысында америкалық Ноа Кидті нокаутқа жіберген болатын. Даниярдың кәсіпқой бокстағы мүддесін белгілі британдық промоутер және Matchroom компаниясының иесі Эдди Хирн қорғайтыны белгілі.

Алты раундқа созылған жекпе-жек қазақстандық боксшының басымдылығымен өтіп, төрешілердің шешімімен жеңіс Даниярға берілді.

Еске сала кетейік, Д.Елеусінов негізі мажарлық Габор Горбичпен кездесуі тиіс болатын. Алайда 30 жасар боксшы спарринг-бәсекеде жарақат алып қалып, орнына З.Шабо шыққан еді.