05 мау, 2019 сағат 11:02

Данияр Елеусінов кандидат Аманкелді Таспиховтың штабында болды

Қазақстандық спортшы Данияр Елеусінов ҚР Кәсіподақтар Федерациясынан Президенттікке үміткер Аманкелді Таспиховтың республикалық қоғамдық штабында болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Кәсіподақтар федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Кездесу барысында президенттікке үміткер мен Олимпиада чемпионы үлкен спорт туралы пікір алмасып, өмірлік ұстанымдарымен, болашақ жоспарларымен бөлісті.

Жас спортшы Данияр Елеусінов бүгінде Қазақстанның спорттық жетістіктерін арттырып, ең танымал әлемдік ареналардың тұғырын бағындырып жүр. 27 жастағы боксшының қоржынында жеті шайқастан жеті жеңіс бар. Жеті жекпе-жектің төртеуі - АҚШ-та, екеуі - Ұлыбританияда, біреуі Монакода өткен.

Спортшы кандидаттың сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарымен таныса отырып, кәсіподақтың көптеген құндылықтарының, соның ішінде қауіпсіздік техникасын сақтау, команда мүшелерімен ұжымдық еңбек шартын жасау және тағы басқа мәселелерінің маңызын атап өтті.

Кездесу соңында екеуі бір-біріне сәттілік пен жеңіс тіледі. Айта кетейік, Аманкелді Таспихов пен Данияр Елеусінов - жерлестер, екеуі де - Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданының тумасы.