28 мам, 2020 сағат 11:02

Данияр Әшімбаев: Шетелдік сарапшыларды қойып, алдымен ұлттық мүддені ескеру керек

Қазақстанда қабылданған бейбіт жиналыстар туралы заңнамада шетелдік сарапшыларды құлақ аса бермей, ең алдымен ұлттық мүддені ескеру керек. Белгілі қазақстандық саясаттанушы Данияр Әшімбаев осылай дейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бейбіт жиналыстар туралы» заң өз ойын білдіргісі келетін азаматтарға жақсы мүмкіндік беретінін айта кету керек. Әлеуметтік, экономикалық немесе саяси мәселелерге келгенде митинг - наразылықтың бір түрі ретінде бұрқ ете түсетін жағдайлар көп кездеседі. Әлбетте кез келген мәселе митингке келіп тірелсе билік өз жұмысында кем-кетік жіберіп, өтінімдерді қабылдамай, адамдарда басқа амал қалмайтындай жағдайға әкелді деген сөз. Осы ретте адамдар наразылықтарын білдіруге құқылы», - дейді саясаттанушы. 

Сарапшы біздің қоғамға тұрақтылық пен келісім секілді құндылықтар өте маңызды екенін айтады. 

«Қазіргі жағдайда ахуалды ушықтырып алудың ақыры ұлтаралық немесе конфессияаралық қақтығыстарға әкеп соқтыруы мүмкін. Мәселен бұл саладағы заңды қабылдай отырып, халықаралық құқық нормаларына сілтеме жасай бермей, орынды ой, пайымды ұсыныстарға құлақ асу керек. Митингілерде талқылайтын және талқылауды қажет етпейтін тақырыптар бар. Біздің қоғамда осы мәселелерге қатысты радикалды және тіпті агрессивті көзқарастағы топтар бар. Сондықтан белгілі бір реттеу тәртібі болу керек. Көптеген халықаралық конвенцияларға, келісімдер мен сарапшылардың ойына сілтеме жасай отырып, жаңа заңды сын садағына іліктіріп жатқандарды көріп отырмыз. Бірақ қазір біз ұлттық заңнама туралы айтып отырмыз. Ол әлемдік тәжірибе мысалдарына негізделмеуі керек. Оларды табу оңай. Ақылға қонымды іске иек артқан абзал. Біздің қоғамға не қажет – сол ескерілуі керек. Франция, Корея немесе Пәкістанға қолайлы заң бізге қажет емес», - деді Данияр Әшімбаев.

Саясаттанушының пайымына сүйенсек, бейбіт жиналыстар туралы жаңа заң айтарлықтай либералды сипатқа ие. Сонымен қатар, бұл құжат қоғамға орны толмас шығын келтіретін саяси, ұлттық, діни радикализмнің жолын кесуге де қауқарлы. 

Данияр Әшімбаев түрлі топтар мен бірлестіктер қатысқан, жақында болған митингілердің толқынын мысалға келтірді. 

Сарапшының айтуынша бұл топтар өз митингілерін жинауға тырыспай, керісінше шетелдегі кейбір адамдар қоздырып отырған митингілерді пайдаға жаратуға тырысқан. Бұл дегеніміз аталмыш топтардың қоғам қолдауын сезінбейтінін және сондықтан оларды саяси күш ретінде байыпты қабылдауға болмайтындығын білдіреді. Өйткені олар өздігінен әрекет етпей, саяси арандатушылыққа қатысқан адамдарға қосылады.

«Мен азаматтар өз пікірін білдіруге құқылы болуы керек деп санаймын. Жиналыстарда, бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде... Осыған қарамастан бұл әрекеттердің кейбірін шектеп, тіпті жолын кесіп отыру керек. ЕҚЫҰ немесе Еуропалық парламенттің кейбір сарапшысы бұған келіспеуі мүмкін. Бірақ бұл біздің мемлекетіміз. Біз оған жауаптымыз. Бірінші кезекте біздің қоғамның мүддесін ескеру керек», - дейді Д.Әшімбаев.