20 мау, 2017 сағат 18:03

Данияр Ақышев: Әзербайжан банкімен мәмілеге қатысқан жоқпын

ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев Халықаралық Әзербайжан банкімен болған мәмілеге қатыспағанын мәлімдеді.

Бас банкир ол кезде Президент әкімшілігінде жұмыс істегендіктен, ол мәмілеге қатысуы мүмкін болмағанын айтты.

«Баспасөз мәслихатында мен осыған қатысты мәлімдеме жасағанмын. Ол шешімді Ұлттық банкте сол уақытта істеген адамдар қабылдады. Мен нақты кімдер екендігін айтпадым. Онымен тергеу орындары айналысуы керек. Бірақ, Келімбетов мырза менің бұл мәмілеге қатысқанымды тікелей айтқан болса,  мен 2014 жылдың 28 тамызында Президенттің өкімімен ҚР Президенті әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің меңгерушісі ретінде тағайындалғанымды атап өткім келеді. Сәйкесінше, 2014 жылдың қыркүйегінде Ұлттық банкте жұмыс істемегеніме байланысты ешқандай мәмілеге қатысуым мүмкін емес. Сондықтан, ақпарат шындыққа жанаспайды. Сондай-ақ, 2014 жылдың наурызынан мен зейнетақы активтерін басқарумен айналысатын бөлімшенің қызметімен айналыспадым. Келімбетов мырза мұны біледі», - деді Д.Ақышев.

Ол ҚР Ұлттық банкі басқармасы БЖЗҚ инвестициялық декларациясын бекіткенін растады. Оның айтуынша, мұндағы мәліметтер жинақтаушы зейнетақы қорларының декларацисынан алынған.

«Шынында да 2014 жылдың мамырында ҚР Ұлттық банкінің басқармасы БЖЗҚ инвестициялық декларациясын бекітті. БЖЗҚ инвестициялық декларациясы зейнетақы активтерін инвестистициялауға арналған бірнеше құралдардан тұрады. Онда былай деп жазылған: мемлекеттік құнды қағаздарға - 40 проценттен төмен, корпоративті эмитенттердің облигациялары - пәлен процент, басқасы - пәлен процент деп көрсетілген. Бұл декларация БЖЗҚ декларациясынан алынған. Ол өзгермеген. Біз оның қабылдануына дауыс бердік. Болды! Нақты шешімді Ұлттық банктегі инвестициялық комитет басшысы, немесе арнайы департамент басшысы қабылдайды. Бұл соның жауапкершілігі», - деді Ақышев.

Айта кету керек, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышевтың жеке компанияларға зейнетақы активтерін басқаруды беру туралы ұсынысын «қауіпті» деп атаған болатын.

Бұл туралы ол «Финансовая свобода» қоғамдық  ұйымының журналистері Бота Жұманова мен саясаттанушы Досым Сәтпаевқа сұхбат берген болатын.

Өз сөзінде Келімбетов Данияр Ақышевтің де инвестициялық декларацияны мақұлдап дауыс бергенін айтқан болатын.