25 мам, 2020 сағат 15:10

Дания Еспаева заңдардағы толықтыруларға қатысты: Жастардың пікіріне назар аудару керек

Парламент Мәжілісінің депутаты Дания Еспаева Президент қол қойған «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңы мен «Саяси партиялар туралы» заңына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысы қол қойған заңдарға тоқталсақ, бірінші кезекте бұл құжатта партиялық сайлау тізімдерінде әйелдер мен жастар үшін кемінде отыз пайыз мөлшеріндегі квотаны енгізуге қатысты болып отыр. Екіншіден, саяси партияларды құру үшін қолданыстағы сандық тіркеу талабын екі есе төмендету ескерілген. Егер бұл көрсеткіш 40 мыңға тең болса, енді қабылданған заңға сәйкес талаптар айтарлықтай өзгерді. Енді саяси партияны тіркеу үшін оның құрамында жиырма мың мүшесі болса жеткілікті. Әрине, бұл қадам елімізде саяси партияларды құруды жеңілдетеді. Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында, тиісті бірқатар ұсыныс жасаған еді. Сондықтан осыны уақыт ағымы деп бағалаған жөн», - деді Д. Еспаева. 

Осы орайда заңнамадағы тың қадамдар өте маңызды екенін атап өтті. 

«Атап айтқанда, заңнама әйелдер мен жастарға мемлекеттік талқылаулар кезінде белсенді қатысуға мүмкіндік береді. Сондықтан енді жастар мен әйелдерді бұл процеске жұмылдыруға ерекше назар аударылған», - деді депутат. 

«Бұл дер кезінде қабылданған заң деп ойлаймын. Жалпы, бізде еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысуға қауқарлы әйелдер де, жастар да аз емес. Алдағы уақытта олардың жемісті жұмысын көретін боламыз», - деді Дания Еспаева. 

Оның пайымынша, әйелдердің қоғамдық-саяси өмірге белсенді тартылуы оңтайлы нәтиже береді. Өйткені қоғамдағы әлеуметтік мәселелерге қатысты бірқатар жағдайларды әйелдер көтеруде. 

«Меніңше, қазіргі жастар креативті әрі батыл. Сондықтан біз олардың пікіріне назар аударғанымыз жөн, бұдан Парламент пен мәслихаттар ұтады», - деді Д. Еспаева. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына қол қойды.

Сонымен қатар, Президент «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Еске сала кетсек, 2019 жылы 20 желтоқсанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында, қолданыстағы саяси жүйені реформалауға бағытталған бірқатар ұсыныс жасаған еді.

Мемлекет басшысы партиялық сайлау тізімдерінде әйелдер мен жастарға арналған міндетті 30 пайыз квотаны қарастыру және саяси партияларды құру үшін тіркеу талабын 40 мыңнан 20 мың адамға дейін төмендету қажеттілігін атап өтіп «біз партияларға және сайлауға қатысты Заңдарды бірте-бірте өзгертуіміз керек» деген болатын. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, сәуір айында Мәжілістің жалпы отырысында Әділет министрі министрі Марат Бекетаев саяси партияларды құру тәртібі жеңілдейтінін айтқан еді.