22 қар, 2019 сағат 11:12

Даниал Ахметов: Жаңадан бірде-бір аудан ашпаймыз

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов тоқсаныншы жылдары аудандық мәртебеден айырылған елді мекендердің ахуалы жайлы баян етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Марқакөл мен басқа аудандарды қайта құру мәселесі туралы айтып берейін. Маған ондай өтінішпен азаматтар келді. 45 адаммен кездесіп, жақсы сұрақтар қойылды. Олардан: «Айтыңдаршы, қайсыларыңыз Күршім мен Марқакөлде тұрасыздар?», - деп сұрадым. Сөйтсем, 45 адамның біреуі ғана сол жақтан келген екен. Бәрі де 20 жылдан бері Өскемен мен Семейде тұратын болып шықты. Бірақ, өте дұрыс мәселе көтеріліп, арнайы комиссия құрылды. Қазір бес ауданда жұмыс жүргізіп жатырмыз. Олар: Үржар, Тарбағатай, Зайсан, Катонқарай және Күршім аудандары. Сол аудандарды арнайы бағдарламамен қамтып, қосымша қаржы бөлеміз», - деді Даниал Ахметов бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Аймақ басшысы өңірде «жаңадан бірде-бір аудан ашылмайтынын» мәлімдеді.

«Неге десеңіз, ол аудандарды ашып алсақ, жұмыс орындарын құрып, халықты тарту үшін 9 млрд теңге керек болады. Халыққа жаңа шенеуніктер керек пе? Оның орнына сол алдыма келген адамдармен келістім. Олар да мақұлдады. Бізге арнайы бағдарлама керек. Соны іске асырамыз», - деді ШҚО әкімі.