13 там, 2018 сағат 10:40

Даниал Ахметов Өскемен әкімінен өз еркімен жұмыстан кетуді талап етті

Өскеменге жуықта жаңа басшы тағайындалады. Бұл жөнінде кеңейтілген әкімдік мәжілісінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің өзі айтты, деп хабарлады Алтайньюс.

"Сіздердің алдарыңызда ашық айтқым келген тағы бір жайт, ол биылғы сәуірде Риддер қаласында шенеуніктердің жол-көлік оқиғасына ұшырауына қатысты мәселе. Бұл оқиға осы уақытқа дейін қоғамда жиі талқыланып, БАҚ-та жеткілікті жазылды. Оқиғаға кінәлі Риддер қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Құрманбаев тиісті жазасын алып, сотталды. Сонымен қатар, Риддер қалалық ішкі істер басқармасының бірқатар басшылық қызметтегі және қатардағы полицейлері де қызметтерімен қош айтысты. Оқиғаға қатысы бар шенеуніктердің ісі Әдеп кеңесінде қаралды. Сондықтан осының бәрін таразылай келе, мен Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаевқа осындай жағдайдан кейін жоғары басшылық қызметте қала алмайтынын, оған моральдық құқығы жоқтығын, өз еркімен жұмыстан кету туралы арыз жазуы керек екенін айттым. Сондықтан, алдағы уақытта облыс орталығы – Өскемен қаласында жаңа әкім тағайындалады", – деді Даниал Ахметов.

Естеріңізге сала кетейік, Риддерде 19 жасар Евгений Смольниковты көлікпен қағып өлтірген Риддер қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Құрманғалиевтің қасында Қуат Тұмабаев отырғаны анықталған болатын. Ол куәгер болса да, халық алдында оқиғадан кейін абыройы төмендеп, оған қатысты сын айтушылар көбейіп кетті.