21 там, 2019 сағат 14:33

Даниал Ахметов құдыққа құлап көз жұмған баланың отбасына көңіл айтты

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Алтай ауданында құдыққа құлап көз жұмған баланың ата-анасына көңіл айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кішкентай Әлихан Талғатовтың ата-анасы мен жақындарына отбасы тағдырына түскен ауыр қайғыларына ортақтаса, көңіл айтамын. Төрт күн бойы аудан әкімі, барша алтайлықтар, Средигорный ауылының тұрғындары, сондай-ақ еріктілер мен қиын жағдайда шет қалмай, қол ұшын созған азаматтар бүлдіршінді іздеу жұмыстарына қатысты. Қапыда бауыр еті баласынан айырылып қалу – орны толмас қасірет. Кішкентай Әлиханның жарқын бейнесі әрбіріміздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Жаны жәннатта болсын! Аудандық әкімдік тарапынан жерлеу рәсімін ұйымдастыруға жан-жақты көмек көрсетіледі», - деп жазды ол өзінің Facebook парақшасында

Еске салсақ, 18 тамыз күні ШҚО-ның Алтай ауданында 2 жасар сәби өз үйінің ауласынан жоғалып кеткен болатын.  Оны іздеу үшін Өскеменнен арнайы мамандар жіберіліп, әуеден дрон арқылы іздеу жүргізілген.  20 тамызда сәбидің мүрдесі өз үйінің ауласындағы құдықтан табылды.