09 қаз, 2018 сағат 11:14

Данэлия "Балалар Евровидениесінде" шырқайтын әніне бейнебаян түсірді

Қазақстандық жас әнші Данэлия Төлешова Eurovision Junior балалар байқауына дайындықты бастап кетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

10 жастағы жас әншінің күн тәртібінде бос уақыт аз. Оған енді күн сайын өзінің вокалдық қабілетін ұштаудан бөлек, түсірілімдерге қатысуға тура келеді.

Байқау шарттарының бірі композицияға бейнеролик түсіру болғандықтан. «Өзіңе сен/Seize the time» композициясын түсіруге Қазақстанның ғажап орындарының бірі - Шарын шатқалы таңдалды.

«Біз мұнда отбасымызбен жиі демалысқа келеміз. Байқаудағы қарсыластарым менің осындай ғажап Отаным барын көруі тиіс. Менің ойымша, Шарын шатқалы әнімнің тақырыбын толық ашып тұрғандай», - деді әнші.

Естеріңізге сала кетейік, жас өнерпаз байқаудың ұлттық кезеңін жеңіп алған болатын.