13 сәу, 2017 сағат 09:08

Дамудың ең бірінші алғышарты – мәдениет пен құндылықтардың өзгеруі

«Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы биліктің жаңа идеологиялық платформа қалыптастыруға бет алуының нышаны. Бұл платформаның негізінде жаңа заман ағымына сәйкес өзгеруге дайын болу идеясының жатуы өте құптарлық нәрсе.

Бізде көп уақыт бойы дамыған елдердің қатарына кіру тек экономикалық даму мен жаңа технологиялар арқылы жүзеге асады деген шолақ түсінік болды. Яғни, біз бай болсақ және смартфонды пайдалансақ алдыңғы қатарлы елге айналамыз деген сияқты. Алайда, дамудың ең бірінші алғышарты – бұл мәдениет пен құндылықтардың өзгеруі. Жаңаша ойлау болмаса, даму да болмайтындығы біздің және айналамыздағы көршілеріміздің тәжірибесі көрсетіп отыр.

Қазақ қоғамында соңғы 10-15 жылдар ішінде күрделі өзгерістер орын алды. Әл-ауқаттың артуы және қала халқының көбеюі жаңаша ойлайтын әлеуметтік топтың пайда болуына алып келді. Дәл осы топ үшін президенттің мақаласында айтылған прагматизм, бәсекеге қабілет, ашықтық секілді құндылықтар маңызды болып табылады. Бұлар көбінесе жақсы білім алған, бірнеше тіл білетін, өз дәстүрі мен қатар заманауи өмір салтын ұстанатын жаңа қазақтар буыны. Және бір ерекшелік – бұлар елдегі қоғамдық-саяси өмірге ықпал етуге мүдделі белсенді топ. Биліктің жаңа идеологияны дамытуы арқылы дәл осы топқа сүйенуіне мүмкіндігі бар.

Қазіргі жаһандық өзгерістер кезеңінде әр мемлекет өзіндік ұстанымын қалыптастыру үстінде. Бұл өзгерістерге үрке қарап, изоляция арқылы өзіміздің бірегейлігімізді сақтап қаламыз деген секілді идеялар - бұл бүкіл елді артқа сүйрейтін өте қауіпті миф. Қазақстандағы жоғарғы билік, мақалаға сүйенсек, прогресс пен ашықтық жолын таңдап отыр. Бірақ, ендігі мәселе - мақалада айтылқан идеялардың саяси шынайылыққа айналуы.

Серік Бейсембаев, ӘЭСИ сарапшысы, 13.04.2017

Ұлт порталы