02 жел, 2020 сағат 09:31

COVID-19: Шығыс Қазақстан облысы «қызыл аймақтан» шықты

Шығыс Қазақстан облысында карантин шаралары өз нәтижесін беріп, өңір коронавирустың таралу қаупі бойынша «қызылдан» «сары» аймаққа өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Ортақ күш-жігеріміздің және аймақ халқының жоғары жауапкершілігінің арқасында біз COVID-19 инфекциясының таралу деңгейін төмендете алдық. Бүгінде облыста коронавирустың таралу коэффициенті бәсеңдеді. Вирус жұқтырғандар саны 7 қарашада 353 адам болса, кеше 73-ті құрады. Ең бастысы, өңірімізде Оқшаулау орталығы арқылы вирустың жұқтыру тізбегін бақылау және тосқауыл қою жүйесі құрылған. 1 қарашадан бастап 584 медициналық-эпидемиологиялық топ инфекцияның 3,5 мың ошағында байланыста болған 21 618 адаммен жұмыс жүргізді», - деп жазды аймақ басшысы Даниал Ахметов Facebook-парақшасында. 

Сондай-ақ COVID-19 инфекциясын уақтылы анықтап, емдеу үшін қолданыстағы 13 ПТР-зертханаға жергілікті бюджет есебінен қосымша 6 зертхана қосылған. Алдағы күндері тағы бір зертхана ашылмақ. 

«Пандемия басталғаннан бері ШҚО-да 355 мың тест өткізілді, оның ішінде тек қарашада 101 095 мың зерттеу жүргізілді. Бұл ел бойынша жоғары көрсеткіштердің бірі. Мониторингтік топтар да тиімді жұмыс атқарды. 1 қарашадан бастап 166 топпен 1906 рейд жүргізілді, 4426 нысан тексерілді, оның 1055-інде заңбұзушылықтар анықталып, 48 млн теңгеге 735 айыппұл салынды», - деді облыс әкімі. 

Оның айтуынша, 12 қарашадан бастап науқастардың келісімімен облыс ауруханаларында «Фавипиравир» препараты қолданылуда. Осының нәтижесінде сырқаттан сауыққан азаматтар саны артқан. Сонымен қатар донорлардың көмегімен жиналған 3200 иммунды плазма белсенді түрде қолданылып жатыр. 

«Осы және басқа да шаралардың арқасында біз коронавирустың «сары аймағына» өттік. Бұл, қолданыстағы шектеулерге бірқатар жеңілдіктер енгізуге мүмкіндік береді. Алайда әзірге қауіпті дерттен қорғайтын вакцина жоқ, сондықтан КВИ-ден ең сенімді қорғаныс – сақтық шаралары мен әлеуметтік қашықтық екенін ұмытпау керек. Біздің қазіргі басты міндетіміз – вирустың таралуына жол бермеу, медициналық мекемелердің тиімділігін арттыру және халықтың денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету. Өзіңіз бен жақыныңызға қорған болыңыз!», - деді Даниал Ахметов.