25 мам, 2020 сағат 22:45

Черногорияда COVID-19 жұққан науқас қалмады. Ресми дерек.

Черногория президенті Мило Джуканович. 27 наурыз, 2020 жыл. Көрнекі сурет

Черногория Еуропада COVID-19 вирусынан емделіп жатқан науқасы жоқ алғашқы мемлекет атанды. Бұл туралы жексенбі кешке елдің қоғамдық денсаулық институты хабарлады.

Елде алғашқы науқас Еуропаның өзге елдеріне қарағанда кештеу - 17 наурызда тіркелген. Екі айдан аса уақыт ішінде елде 324 адам вирус жұқтырған. Оның тоғызы қайтыс болып, 315 адам жазылып шыққан. Вирус жұқтырған ең соңғы науқас 24 мамырда жазылып шықты. Елде екі аптадан бері вирус жұқтырған жаңа жағдай тіркелмеген.

Институт өкілінің хабарлауынша, егер вирусты жаңадан жұқтырғандар 28 күнге дейін тіркелмесе, эпидемияны аяқталды деуге болады.

Черногория Еуропаның Оңтүстік-Шығысында орналасқан 630 мыңға жуық халқы бар мемлекет. 

Бұған дейін Дат корольдігіне қарасты Фарер аралдарының билігі де өздерінде вирус жұқтырғандардың мүлдем жоғын мәлімдеген. Аралдарда вирус жұқтырған 187 адамның барлығы жазылып, бір де бір адам қайтыс болмаған. Француз Полинезиясы мен Жаңа Каледония елді-мекендерінде де вирустан қайтыс болғандар жоқ.