16 қар, 2017 сағат 16:07

Cейітқазы Матаев мерзімінен бұрын шартты түрде босатылды

Қапшағай қаласының соты Қазақстан Журналистер одағының бұрынғы төрағасы, "қаржы жымқырды және салықтан жалтарды" деген айыппен сотталған Сейітқазы Матаевты қамаудан босатты. Матаев енді жазасын шартты түрде өтейді, деп хабарлайды "Ұлт ақпаратАзаттыққа сілтеме жасап.

Сот шешімі он бес күннен кейін орындалады. Осы аралықта прокурордың аппелациялық шағым түсіруге құқығы бар. Матаев сотқа видео байланыс арқылы қатысты.

Отырыста прокурор Сейітқазы Матаев сот үкімі бойынша мемлекетке келтірген 200 миллион теңге залалды өтемегенін айтып, оны босатуға қарсы болды. Ал сотта видео байланыс арқылы жауап берген колония дәрігерлері Матаевтың қан қысымы көтеріліп кететінін (гипертониялық криз диагнозы), түрменің санитарлық бөлімінде тиісті ем-дом ала алмайтынын айтып, оны шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдады.

ЛА 155/4 колониясының өкілі Сейітқазы Матаевтың түрмедегі тәртібі "жақсы болғанын", "үлгілі мінез-құлқы үшін ынталандыруға ие болғанын", сотталушыны мерзімінен бұрын босатуды қолдайтынын айтты.

2016 жылы 3 қазанда Астананың Есіл аудандық соты Матаевты "қаржы жымқырды" және салықтан жалтарды" (ҚР ҚК-нің 190-бабы, 4-бөлімі, 2-тармағы және 245-бабы, 3-бөлімі бойынша, сондай-ақ ҚР ҚК-нің (16.07.1997 жылғы редакция) 177-бабының 4-бөлімінің "б" тармағы бойынша) деген айыптармен алты жылға, ал ҚазТАГ агенттігінің директоры Әсет Матаев "қаржы жымқырды" (ҚР ҚК-нің 190-бабының 4-бөлімінің 2-тармағы бойынша) деген айыппен бес жылға соттаған. Үкім бойынша Матаевтар ақпарат және коммуникация министрлігіне - 169 миллион теңге, "Қазақтелеком" компаниясына 140 миллион теңге қайтаруы тиіс болған. Матаевтар өздеріне тағылған айыпты мойындамайды. Жергілікті және халықаралық құқық қорғау ұйымдары Матаевтың сотталуын айыптаған болатын.

Айта кетейік, Матаевтың ұлы -  Әсет Матаевқа қатысты іс 2018 жылдың ақпанында қаралатын болады.