06 там, 2016 сағат 11:08

Cерік Әбікен. Бұрынғы Қиясбайдікі – сөз, бүгінгі қиясбайлардікі – былдыр-былдыр

ҚОРҒАНСЫЗДЫҢ КҮНІ

Осы күннің беткеұстары «лақпа айтыс» болды. Теледидарды қосып қалсаң – у-шу, газет бетін ашып қалсаң – ду-ду, халық арасы гу-гу. Даттаушылар мен мақтаушылар! Бірі «қазақтың төл өнері құрыды» десе, екіншілері «өнер қайта тірілді» дейді!

Ит боп үріп, шошқа боп қорсылдап жүріп атағын шығарған «шәуілдектер» мен «қорсылдақтардың» дуалы ауыздар қатарына қосылып кеткеніне қарап шошынғандардың қарасы әрине, өте көп. Қарсылар аз, аз болғанымен саз. Оларға теледидар мен газетке жол ашық. Шірене отырып сөйлейді, өзгелерді таязға санап, адам құрлы көрмейді.

Сөз төркіні «лақпа айтыстың атасы Қиясбайды білмейтін өңшең...» дегенге келіп тіреледі. Иә, иә! Қазаққа «Абайдың замандасы Қиясбайдың шығармашылығымен танысыңдар!» деген мағынада ақыл айтылды. Байқап қарасақ, айтары он орамды Қиясбайдың қыңыр тілін сол Ұлы ақын ғана түсінгендей екен. Бәрімізге Абайдай болу қайда... Содан соң, «Ә-ә! Осы заманның қиясбайларын да түсінетін абайлар бар екен-ау, біздікі бекершілік болды?!» деп, өреміздің төмендігіне қысылып, төмен қарадық. Сосын... Содан соң «лақпа айтысты» тағы тыңдадық. Біздіңше бұрынғы Қиясбайдыкі – сөз, бүгінгі қиясбайлардыкі – былдыр-былдыр. Ол былдырды түсінгендердің ақылы Абайдан да артықтау ма?! – деген тағы бір күдік келді көкейге. Мысалы, «жаманнан жақсы туады» дегенді «сиырдан жылқы туады» деген мағынада жеткізген, «Абай ағам өңгертіп жібермейді, айдатып жібереді» деп ақын берген бір қойын айдап әкетерлік он еткізген Қиясбайдыкі жақсы ма, әлде экраннан біз естіген «шәу-шоу» жақсы ма? Маған да, көп қазаққа да Қиякең ұнайтын секілді. Және менің ұғымымда ол – айтқыш!

Хәкім Абай қиын сәтте қиыстырып көңілге медеу боларлық сөз таба алған айтқыштың айтқанынан ләззат алған. Бірақ, бүгінгілер бұны өзгертіп, әлде жетілдіріп қазақтың ауыз әдебиетіне «лаққыш!» деген жаңа «категория» енгізіпті. Алла беттерінен жарылқасын делік! Бірақ, күллі қазаққа көсемсімей лаққыштарымен бірге өздері лаға бергені жөн еді. Бәрібір өңге қазақ олардың «қиясбайының» сөзін түсінбейді. Себебі мәдениетке жасалған қиянаттың кесірінен ұлт дамуы қанша жерден мешеулесе де дәл сондай дәрежеге дейін деградацияға ұшыраған жоқ! Әкем марқұм «лағу» деген беталбатты, бетімен кетті деген сөздермен түбірлес екенін төбемнен құйып еді. Соны ескеріп: «Қиякең тіріліп келіп, өзінің лақпа аталып жатқанын естісе «әншейінде ит шіркін ап-ап дейді, ол жоқ болса шошекең гав-гав дейді» деген мағынада бірдеңа айтар еді-ау?!» деп те ойлап қоямын кейде. Кім білсін? Бірақ, «Бетімен кеткен қыз, бет-албатты өскен ұл » дегеннің жақсы мағынасы бар екенін ұқтырамын дегендер болса, мархабат! Ондай дана табылса тек менің емес, талайдың көзі ашылып, сауаты көтеріліп қалар еді. Айтпақшы «Айтыс деген шоу!» деген ұрандарын да ұқтыра кетсе?! 

... Заты жаман Қатаған,
Шашармын судай қаныңды! – дегенді Сүйінбай атамыз қалың қырғызды күлдіру, көңілдерін көтеру үшін айтқан болды ғой онда... Қатағанның «Наурызбайдай бегіңді итіме сүйреп салғанмын» дегені де қылжақ па? Қазіргілерге сенсек, «Айтыс – қазақ өнерінің алдаспаны!» деген ғалымдардыкі де бекершілік...


Бәрін айт та бірін айт, жаңа заман бренді – «лақпа айтыс» менің көңіліме жаққан жоқ, «қиясбайлардың» сөзіне де, оларды қошеметтегендердің өзіне де разы болмадым. Менің түсінгенім, өздеріне «айтыстың аталары мен папалары» деп ат қойып алған азаматтар қорғансыз қалған қазақ мәдениетін зорлапты. Сөйтіп мәдениеттен даун дертіне шалдыққан дімкәс «перзент» туған. Бірақ, «қарға баласын аппағым» дейді емес пе?!

Cерік Әбікеннің фэйсбуктағы парақшасынан