20 қыр, 2017 сағат 11:43

БЖЗҚ-дан алынған 250 млн доллар толығымен қайтарылады – Келімбетов

Бүгін Үкімет отырысында «Астана» халықаралық қаржы орталығының басшысы, БЖЗҚ директорлар кеңесінің мүшесі Қайрат Келімбетов жинақтаушы зейнетақы қорының топ-менеджерлері Әзірбайжан халықаралық банкіне салған 250 млн доллардың елге толығымен қайтарылатынын айтып, халықты сабырға шақырды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Мен Үкіметтің шешімен БЖЗҚ-ның директорлар кеңесінің мүшесі ретінде тағайындалдым. 3 ай ішінде Әзірбайжан халықаралық банкі ҚР БЖЗҚ алдында қарызын қалай өтейтіндігі жөнінде мәселелерді қарады. Бұл келіссөздер аталған банкінің құрылымын қайта өзгертумен аяқталған болатын. Оның аясында 250 млн доллар көлеміндегі негізгі қарыз қайтарылады. Пайыздық үстемесі төмендетілді. Бірақ халықаралық банктегі бағалы қағаздар Әзірбайжан қаржы министрлігінің еуро облигацияларына ауыстырылды. Яғни әзірбайжандық тарап 100%-ға кепілдік беретін қағаздарды берді. Ал қағаздар 15 жылға шығарылды», - деді басшы.

Осы орайда Қайрат Келімбетов бұл қадам бізге 250 млн доллар көлеміндегі қарызды толығымен қайтаруға мүмкіндік беретінін айтты.

«Бұл бізге салған инвестициялық қаржының пайдалы түрде қайтанына кепілдік береді. Осы аталған процесс 1-қыркүйекте аяқталды. Менің ойымша, техникалық түрде құжаттармен алмасу аяқталды. Бағалы қағаздарды бағалау, қарызды өтеген кезде олардың қандай түрде болатыны ҚР Ұлттық банк пен БЖЗҚ-ның айрықша құзыретінде. Қарапайым тілде айтатын болсақ, салынған ақша (Халықаралық әзірбайжан банкіне – автор) толық көлемде қайтарылады. Сонымен қатар БЖЗҚ-дағы инвестициялар ұлттық валютада деноминацияланған. Ал долларда деноминацияланған инвестициялар аталған ұйымның кірістерін әртараптандыруға мүмкіндік береді», - деді ол.

Сонымен қатар БЖЗҚ директорлар кеңесінің мүшесі аталған қарыздың бір бөлігі қайтарылғанын айтып, жұртты алаңдамауға шақырды.

«Менің ойымша, бағалы қағаздар 10 жылға арналған болса, енді олардың уақыты 15 жыл болды. Олар үнемі табыс әкеп тұрады. Сондай-ақ қарыздың 40 млн доллары облигация түрінде қайтарылды. Ашығын айтқанда, жағдай тұрақты. Менің ойымша, уайымдауға негіз жоқ», - деп түйіндеді сөзін Қайрат Келімбетов.

Айта кетейік, осыған дейін Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Үкімет отырысында БЖЗҚ-дан алынып, халықаралық Әзірбайжан банкіне салынған 250 млн доллардың елімізге қалай қайтарылатынын түсіндірген болатын.

Дәурен ЕРБОЛАТ