28 ақп, 2020 сағат 05:51

Былтыр еліміздегі өндіріс нысандарында 28 оқыс оқиға тіркелді

2019 жылы Қазақстанда қауіпті өндіріс нысандарында 28 оқыс оқиға тіркелді, онда 11 адам қаза тапқан, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР ИИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетіне сілтеме жасап.

Былтырғы оқыс оқиғалар кезінде 24 адам зардап шеккен, оның ішінде 11 адам қаза тапса, 7 адам ауыр, 6 адам жеңіл дәрежеде жарақат алған.

Комитеттің мәлімдеуінше, барлық апаттар егжей-тегжейлі тергеліп, тиісті шаралар қабылданды.

әОқыс оқиғалар көмір, тау-кен, металлургия, мұнай-химия, мұнай-газ өндіру, жарылыс жұмыстарын жүргізетін объектілерде, қазандық және газ шаруашылықтарында, көтергіш құрылыстарда орын алған.

Тексеру актілеріне сәйкес жазатайым оқиғалардың негізгі себебі ескірген, моральдық және физикалық тұрғыдан тозған, қызметтің нормативтік мерзімін өтеген жабдықтарды пайдаланудан», делінген хабарламада.

Осы мәселені шешу үшін ҚР ИИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің бастамасы бойынша кәсіпорындармен бірлесіп жыл сайын техникалық қайта жарақтандырудың жиынтық жоспары әзірленді, қазіргі уақытта 1 424 техникалық құрылғы мен 66 технологиялық желі ауыстырылды.

Мамандардың мәліметі бойынша, тіркелген оқыс оқиғалардың келесі себебі –өнеркәсіптік қауіпсіздік талабы мен ережесін бұзу. Үшіншіден, өндірістік бақылаудың төмен болуы, я болмаса тіпті жүргізілмеуі және қызметкерлердің біліктілігінің төмендігі.

«Осыған байланысты өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы нормативтік құқықтық базаны одан әрі жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылға арналған заң жобалау қызметі шеңберінде өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері жөніндегі заң жобасы әзірленді және Мәжілісіне енгізілді.

Заң жобасы өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама нормаларын жетілдіруге және мемлекеттік қадағалауды жүзеге асырудың тиімділігін арттыруға бағытталған», делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, комитет қызметкерлері мұнай және газ салаларының қауіпті өндіріс объектілері үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету ережелерін қайта қарады. Сондай-ақ қазіргі заманғы нормаларға және халықаралық технологиялық талаптарға сәйкес аталған нормативтік құқықтық актілерді жан-жақты қарау және оларға өзгерістер енгізу жоспарланған.

Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті 221 мыңнан астам қауіпті өндірістік объектілерді қамтитын 9 мыңға жуық кәсіпорында өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында мемлекеттік қадағалауды жүзеге асырады. Негізінен бұл кеніштер мен көмір шахталары, карьерлер, металлургиялық, химиялық және мұнай өңдеу зауыттары, магистральды құбырлардың атом өнеркәсібі объектілері және басқалар.

«2019 жылы өндіріс ошақтарында 1447 тексеру жүргізілді. Тексеру қорытындысы бойынша барлығы 50 193 заң бұзушылық анықталды. 168 млн теңгеден астам қаржыға 1 885 айыппұл салынды, оның 1 422-сі заңды тұлғаға және 463-і жеке тұлғаға», делінген хабарламада.