21 нау, 2018 сағат 10:39

БҰҰ Наурыз мерекесін қарсы алды

Наурыз айында ғаламшардың 300 миллион тұрғыны Ұлық мерекені атап өтеді. Бұл күні оңтүстік жартышарда күз болса, солтүстікте - көктем. Наурызды Балқан, Қара теңіз, Кавказ, Орталық Азия және Таяу Шығыс елдері бірнеше мыңдаған жылдар бойы атап өтіп келеді. Бұл туралы БҰҰ Жаңалықтар орталығының хабарламасында айтылған.

2009 жылы Наурыз мерекесі Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативті тізіміне енгізілсе, 2010 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы оны "халықаралық күн" деп жариялады.

«Бұл күні біздің өлкеде ауылшаруашылық жұмыстары басталады. Бұл өкпе-ренішті ұмытып, кешіру және құрметтеу күні. БҰҰ Бас Ассамблеясының резолюциясына сәйкес, бұл мереке халықаралық күн ретінде аталып өтіледі. Сондықтан, Наурызды атап өтетін барлық елдер осы мерекені тойлау үшін бүгін осы жерде бас қосып отыр».

«БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарына сәйкес, бұл күн халықаралық мереке ретінде аталып өтіледі. Наурыздың тарихы «Авеста» - зороастризм қасиетті кітабы уақытынан бастау алған. Ислам оған бірқатар өзгерістер енгізді - мысалы, дастархандардан шараптар жойылды. Әзербайжанда Наурыз мерекесі бір ай бойы тойланады - әр сейсенбіні табиғаттың дүлей күшімен: ауамен, жермен немесе отпен байланыстырады. Күн мен жарты ай формасында тәттілер пісіріліп, мерекелік дастарханға міндетті түрде өмірдің белгісі ретінде «дән» - өнген бидай қойылады», - деді БҰҰ жанындағы Әзербайжан тұрақты өкілі Яшар Алиев.

Табиғатпен үндесу және оны сақтау, бейбітшілік, әлсіздер мен мұқтаждарға қол ұшын созу сияқты БҰҰ мен Наурыздың мән-маңызы негізінен сәйкес келеді. 2010 жылы Бас Ассамблея 21 наурызды Халықаралық Наурыз күні деп бекітті. Сондықтан, жыл сайын осы күні БҰҰ штаб-пәтерінде ежелгі мереке атап өтіледі.