02 нау, 2018 сағат 15:21

Бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев сотта соңғы сөзін айтты

Бүгін Астана қалалық сотында «Бишімбаев ісіне» қатысты барлық фигуранттар соңғы сөздерін айтты. Оларлың ішінде экс-министр Қуандық Бишімбаев та бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кеткен жөн, Қ.Бишімбаев бір сағаттан астам уақыт сөйледі. Өз сөзінде экс-министр ақша ұрлығына қатыспағанын тағы бір мәрте мәлімдеді.

«Мен өз елімнің патриоты екенімді жақсы білемін. Сондықтан жұмыс бабында мемлекет мүддесін ойлап, Ұлт көшбасшысы, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қойған мақсат-міндеттерді орындауға тырыстым. Мен «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ-та тамаша білім алып келдім. Сол үшін өз еліме, Мемлекет басшысына шексіз алғысымды айтамын. Қай жерде істесем де, елімізге, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа пайдалы болуға тырыстым. Менің отбасым да солай тәрбиеледі. Ел мүддесіне деген адалдық, Мемлекет басшысына деген адалдық - маған берілген тәрбиенің басты өзегі. Менің атам, әкем, анам өмірінің басым бөлігін Отанына, ғылым мен білімді дамытуға арнады. Олар мені білімге, еңбекке адал болуға үйретті. Ал менің барлық жетістіктерім «Болашақ» бағдарламасы аясында алған білім мен қажырлы еңбектің арқасы», – деді Қ.Бишімбаев.

Экс-министр Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтан тағы бір мәрте кешірім сұрады. Президенттің жастарға деген оң көзқарасы арқасында қарапайым банк қызметкерінен министрге дейін көтерілгенін де жеткізді.

Сондай-ақ Қ.Бишімбаев 1,1 млрд теңгені ұрламағанын, шыны зауытының уақытында салынбағаны үшін банк-гарант 4,5 млрд теңгеге жуық ақшаны төлеп бергенін айтып өтті.

«Мен ешқандай пара алған жоқпын. Құрметті сот, мені ақтауды сұраймын», - деп атап көрсетті ол.

Айта кетейік, өткен жылдың басында экс-министр Қуандық Бишімбаев қамауға алынған болатын. Тергеу материалдарына сәйкес, Қ.Бишімбаев «Бәйтерек» ұлттық холдингінің басшысы болып тұрғанда Қызылорда қаласындағы шыны зауытының бір миллиард теңгесін талан-таражға салған. Аталған қаржы «Orda Glass» ЖШС және оған қарасты «Шымкентхиммонтаж» ЖШС арқылы ұрланды.

Бұдан бөлек, экс-министр «Нұрлы жол» бағдарламасына қатысқан құрылыс компанияларынан ақша алғаны үшін айыпталып отыр. Осы іске қатысы бар бірқатар азаматтар өз кінәсін мойындады. Алайда Қуандық Бишімбаев өзіне тағылған айыппен келіспей отыр. Бұған дейін ол Президенттің алдында кінәлі екенін жеткізді. Мемлекеттік айыптаушы оны 12 жылға соттау қажет деп санайды.