03 қыр, 2019 сағат 12:55

Бүркіт Аяған: Ел алдындағы қазіргі мәселе – әлемдік трендтерден қалмау

Жас мемлекетіміздің алдында тұрған қазіргі мәселе – әлемдік трендтерден қалмау. Тарих ғылымдарының докторы Бүркіт Аяған Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауын талқылау барысындай осындай пікір білдірді.

«Мен бірнеше өңірде болып, жұртпен тілдестім. Сол кезде елді «Ендігі даму бағытымыз қандай болады» деген сауал алаңдататынын байқадық. Жолдаудың маңыздылығы осында болды  деп ойлаймын. Президент Қазақстанның егеменді, зайырлы мемлекет екенін баса айтып кетті. Даму жолдарына келгенде, Елбасы салған бағыт жалғасатынын атады. Қазір халықты қатты алаңдатып жүрген жайт – шикізаттың шетке кетуі. Бұл ел ішіндегі ең бір өзекті деп айтар едім. Президент осы мәселеге маңыз беріп қарады», - деген сарапшы Қазақстанның қай елдердің даму жолына түсу керектігі туралы пікірін айтты.

«Шағын және микробизнесті қолдау, аграрлық сектор мена ауылға көп көңіл бөлу туралы да айтылды. Қазақстанның алдында тоқсаныншы жылдары қойылған мәселелер қазір соншалық маңызды емес. Жас мемлекеттің алдында тұрған қазіргі мәселе – әлемдік трендтерден қалмау. Франция, Германия, АҚШ сияқты елдердің жолымен жүру. Оны Елбасының өзі де Алматыда өткен конференцияда айтты. Қазіргі заманда көппартиялы жүйе, БАҚ бостандығы  сияқты мәселелер маңызды. Қазір елдің әлеуметтік жағдайы жақсы. Ал руханиятқа тоқталсақ, Қасым-Жомарт Кемелұлының әл-Фараби  мен Абайдың мерейтойын атап өту туралы ұстанымы, Ұлытаудағы сөзі қазақстандықтарды біріктіріп, бір жолға салуға қауқарлы», - деді тарихшы.