#
#
Бейсенбі 19/01/2017

Шерхан Талап. Бұлыңғыр күннің артынан бұлтты түре күн шығар…

  • 26.07.2016
  • 4
  • 220

Аздаған күндерден соң қой жылына қош айтып, мешін жылына аяқ басамыз. Қарбаласқа толы жыл да қардай еріп, көз алдымызда жоғалып барады.

Жыл басында кезектен тыс Президент сайлауын өткізіп, 97,7%-бен 25 жыл ел басқарған Нұрсұлтан Әбішұлын тағына қайта отырғыздық; төл теңгемізді еркін айналымға жіберіп, артынша 20 мың теңгелік купюраны қалтаға бастық; үшінші қазақ ғарышкерін аспанға ұшырып, «Халық қаһарманы» деген атақпен күтіп алдық; «Қазақта бұрын мемлекет болған жоқ» деп көсемсіген Путиннің сөзінің қайтарымындай Қазақ хандығының 550 жылдығын тойладық. Ел болып тойлаған елеулі оқиға барша алаш жұртының рухын көтеріп, бір серпілтіп тастағаны анық. Ірілі-ұсақты оқиғаларды тізе берсек, осылай жалғаса береді. Бәрі де тарих қойнауына кетті. Бұл жылы Герольд Бельгер, Дидахмет Әшімхан, Тұрсынбек Кәкішев, Әбіш Кекілбаев сынды алыптардан айрылып, қастерлі қара жер «енді осындай Ұл таба алар ма екенмін» дегендей ауыр күрсінді. Батырхандай талантты мәңгілік жер қойнына тапсырып, Сайлаубектей сайқымазақтарды киелі сахнада тайраңдаттық.

Аукционға қойылған жеріміз бен қазба байлықтардан түскен пайданың һәм Әліби жеңіп шыққан Жамалиевтің миллиондаған қаржы тұратын бар мүлкін тәркі еткеннен экономикамызға, халқымызға қаншалықты пайда тиетіні де белгісіз. Сонда да біз Сабыр мен Сенімнен айрылмадық. Путин сөзі мен күлігімізді креспен бауыздағысы келген аютекті жауыздардың Қызыл алаңға шығып, еліміздің Тәуелсіздігін жоққа шығару акциясын өткізуі – жігерімізді жанымаса, рухымызды жыққан жоқ. Там-тұмдап атажұртқа оралған оралмандардың саны, «шаһид боламын» деп шала бүлініп Сирия асқан жүздеген қандасымыздың орнын толтыра алмасы анық. «Қан тіленген жат елдік бұлт-кісілердің» ата дінімізге ауыз салып, аңқау ағайынды жолынан адастырып әкеткеніне не дерсің?! Дініміз бүлінгенмен, діңіміз мықты еді ғой. Бұл сынақтан да өтерміз.

Иә, қойдай момын халықты ескі жыл есіркей қоймады. Өткен күнге өкпесін айтып қоштасқалы тұрған бұ қазақ, ертеңін Тәңірге ғана тапсырып отыр. Отыз қанат Ордамыздың ішінде бейбіт тірлік болғанмен, әлемнің әр бүйірінен естілген көк зеңбірек, көп мылтықтың үні қалың бұхараның үрейін туғызып отыр. Оның үстіне девальвация деп дүрліккен елдің уайымы бір бөлек. Доллар бағасының аспанға шауып, теңгеміздің құнсыздануы – халықты алаңдатпай қойған жоқ.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанның сыртқы қарызы 7,68 триллионнан асып жығылады екен. Мұның бәрі қарапайым халықтың тынышын кетірері сөзсіз. Дегенмен қаншама қиындықты бастан өткерген қазақ үшін бұл күндер де көрген түстей өте шығады деп сенеміз. Осындай қиын кезеңде халықты біріктіретін күш – сабыр мен сенім. Ертең-ақ елдің есін алған дағдарысты еңсеріп, етек-жеңімізді жинап аламыз. Лайым келер жыл берекеге, қуанышқа бастап, қазақ жұртының еңсесі биік, рухы асқақ болсын!

Құдайға шүкір, қазір қазақ қоғамының саяси сауаты өсті, ұлттық санасы оянды. Қазақстанның әр түкпіріндегі қазақ мемлекеттік маңызды мәселелерге үн қатып, белсене араласып жүр. Мұны әлеуметтік желілердегі жазбалардан және елдегі түрлі оқиғалардан байқауға болады.

Осы орайда, халықтың таным-білігін қалыптастыруда, саяси білімін арттыруда қызмет етіп келе жатқан «Ұлт» порталының да өзіндік еңбегі бар деп білеміз. Жыл басынан бері ұлт мүддесі турасында көптеген маңызды мақалалар жарияланып, өзекті мәселелер көтерілді. Ұлт зиялылары сөз алар мәртебелі мінберге айналды.

Құрылғанына үш жылдай уақыт өтсе де, қазір бізді Қазақстаннан бөлек, Монғолия, Қытай, Түркия, Ресей, Нидерланды, АҚШ, Германия елдерінен оқырмандар оқып отырады. Мұны біз Google Analytics сервисі арқылы көріп, біліп отырмыз. «Ұлт» порталы бүгінге дейін талмай жазып, мақала жолдап келген авторлардың барлығана алғыс айтады. Біздің алаң барлығыңыз үшін ашық. Көкейде жүрген мәселелеріңіз, мазалап жүрген ойларыңыз болса,  мақала жазып, портал поштасына жолдаңыздар (1ult.kz@gmail.com).

ұлт порталы

Мен бұған дейін жаңашыл қазақ жастарының әдеби-мәдени, ақпараттық-танымдық ордасына айналған «Massaget.kz» сайтында контент-менеджер, кейіннен редактор болып қызмет жасадым. Ол жерде екі жылдай жұмыс істеп, Ұлт порталының бас редакторы, ақын Ақберен Елгезектің шақыруымен осында келдім. Ақберен аға Айбол Исламғалиев екеумізге сайт тізгінін тапсырып, сенім білдірді. Өзі мемлекеттік жұмысқа ауысқаннан кейін, бар жауапкершілік бізге жүктеліп отыр.

Әрине, «Ұлт» порталы секілді үлкен интернет-басылымды тәжірибесі толысқан, қаламы жүйрік журналистердің біріне аманаттап кетсе болар еді. Бірақ ағамыз «Ақындықтың негізі – азаматтық» екенін айтып, тізгінді бізге ұсынды. Сондықтан ұлттың жүгі арқаға ауғандай, үлкен жауапкершілікті сезініп отырмыз.

Ақберен аға «ақын» деп соңынан ерген жастармен әңгімелескен кезде: «Ақын – қайраткер болу керек. Қажет болса ұлты үшін басын бәйгеге тігуі қажет, ешкімге жалтақтамауы керек» деп жиі айтады. Қазақ жастарының қайсы болсын ұлтшыл болса, ел ертеңіне алаң көңілмен қарап, ойы орнықты, сөзі салмақты шықса дейді. Жаңа зиялы қауымның қалыптасуы біздердей жастардан басталатынын бағамдап, бағдар нұсқайды. Уақыт алмасып, біздің де елге сөз айтар кезіміз келгенде неден аянып қалайық.

Қадірлі оқырман, «болар елдің баласы бірін бірі батыр дейтіні» рас болса, сіздердің тарапыңыздан қолдау болады деп сенеміз. Ұлт тағдыры – ұрпаққа аманат. Ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздікті сақтап қалу – сіз бен бізге парыз. Тату болайық, Ұлтпен бірге болайық!

                                                                                         Құрметпен, Шерхан Талап

4 пікір

Пікір қалдыру

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар