31 мам, 2018 сағат 07:18

Бұл зұлмат - қазаққа қарсы жасалған отаршылдық қылмыс

Менің ойымша, 1931-1933 жылғы Ашаршылықты сталиндік-большевиктік жүйенің басқа да қылмыстарынан бөліп алып көрсету мүмкін емес.

Шындап келетін болсақ, бұл зұлмат 1916 жылғы көтерілістен басталып, үзілмей жалғасқан қазаққа қарсы, адамгершілікке қарсы жасалған отаршылдық қылмыс. Яғни, бұның барлығын кешенді түрде қарастыру қажет.

Айтпағым: осы 2016 жылы бәріміз жабылып 1916-1933 жылдар аралығындағы Зұлмат, тарихтағы “Алқакөл сұлама” деген сияқты зобалаң кезең дегенді насихаттап, ғылыми, ақпараттық тұрғыдан насихаттап, заңдастырып көрсек.

Және де бұны өзге тілдерге аударудың қажеті жоқ. "Зұлмат" деп алып, өзге тілдерге де енгізіп көру қажет. Еврейлер өз трагедиясын "Холокост" деп әлемге мойындатты. Украиндар "Голодомор" деп алып, БҰҰ, Еуропарламент дәрежесінде дәлелдеді. Біздер де осыған ұмтылуымыз қажет.

Және де мынаны үсті-үсті айта беруіміз қажет: ұлт трагедиясын, қазақ қасыретін айтқанда біздер біреуден кек алу үшін айтып жатқан жоқпыз. Бұл ата-бабалар, аруақтар алдындағы перзенттік, ұрпақтық парызымыз. Бұны басқаға қайталап, қан қақсату үшін емес, ұымтпау, қайталатқызбау үшін айтып отырмыз.

Тарих тек мейрамнан, жеңістерден құралмайды. Ұлттың ұлылығы, зиялылығы трагедиядан сабақ ала алуында. Біздің ұлт ретіндегі отарсыздануымыздың қағидасы біреу: біз құл емеспіз, енді ешқашан құл болмаймыз, ешкімді құл қылғымыз келмейді.

Айдос Сарымның фэйсбуктағы жазбасынан