06 қар, 2017 сағат 10:04

Бухарестте қазақ-румын үкіметаралық комиссиясының отырысы өтті

4-5 қазанда Бухарест қаласында қазақстандық-румын сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының 13-ші отырысы өтті. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан тарапынан ҚР энергетика министрінің орынбасары Мағзұм Мырзағалиев, румын тарапынан – Румынияның экономика, сауда және туризм жөніндегі министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Адриан-Мариус Добре үкіметаралық комиссиясының жұмысын басқарды.

Отырыс барысында екіжақты ынтымақтастығының кең тобы мәселелері, соның ішінде энергетика, өнеркәсіп, көлік, ауыл шаруашылық пен мал өндірісі, кіші және орта кәсіпкерлік, білім және ғылым, туризм, байланыс пен ақпараттық технологиялар, сондай-ақ екі елдің Сауда-өнеркәсіп палаталары арасындағы өзара әрекеттесу мәселелері талқыланды.

Іс-шараның қорытындылары бойынша Қазақстандық-румын үкіметаралық комиссиясының 13-ші отырысының хаттамасына қол қойылды.

Сонымен қатар, сапар барысында Қазақстан делегациясының басшысы, ҚР энергетика министрінің орынбасары М.Мырзағалиев Румыния үкіметінің мүшелерімен, атап айтқанда - Премьер-министрдің орынбасары, Румынияның қоршаған орта министрі Грациела Гаврилескумен, Іскерлік орта, сауда және кәсіпкерлік министрі Илан Лауфермен, Сыртқы істер министрлігінің мемлекеттік хатшысы Дануц Некулаескумен, Энергетика министрлігінің мемлекеттік хатшысы Андрей Майорянумен, Парламент Депутаттар палатасының төрағасының орынбасары Флорин Иордакемен және Парламент Депутаттар палатасының өнеркәсіп мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы Юлиан Янкумен кездесті.

Тараптар өзара тиімді серіктестікті одан әрі жандандырудың айтарлықтай әлеуеті бар екендігін атап өтіп, қысқа мерзімді кезеңде екіжақты ынтымақтастықты ілгерілетудің маңызды бағыттарын белгілеп қойды.

Сонымен қатар, 5 қазанда қазақстандық-румын бизнес-форумы өтті, оның жұмысына екі елдің іскер топтарының 50 астам өкілдері қатысты. Форумның аясында Қазақстан мен Румынияның экономикаларына инвестиция салудың мүмкіндіктері туралы тұсаукесерлер өткізілді, және қазақстандық-румын іскерлік ынтымақтастығының ахуалы және болашағы жөнінде пікір алмасу өтті.

Румынияның ақпараттық технологиялар саласындағы үлкен әлеуетін және бұл салаларда румын мамандарының жоғары біліктілігін ескере отырып, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқармасының төрағасы Әлнұр Ермағамбетов форумның жұмысына қатысты. Ол ҚР IT - саласының қазіргі ахуалы және «Цифрлық Қазақстан» ұлттық бағдарламасын жүзеге асыру барысы туралы баяндама жасап, румын компанияларын ақпараттық технологиялар саласында тығыз ынтымақтастыққа шақырды.