13 нау, 2019 сағат 16:29

Бұқаралық спортқа баса мән берілуі керек

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауын барша жұрт асыға күтті. Бұл жолғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбында өткен Жолдауда Елбасы халқымыз жеткен жетістіктерді саралай келіп, елімізді жаңғырту жөніндегі қажетті бағдарламалық бастамаларды жеткізді. 

Иә, тарих үшін қысқа мерзім болса да, еліміз биік белестерді бағындырып келеді. Мақсатымыз айқын, жоспарымыз жүйелі болғандықтан, озық елдермен тереземіз теңесті. Әсіресе, тәуелсіздігімізді алғаннан бері спорт саласы жылдан-жылға қарыштап дамып келеді. Осы Жолдауда да Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамыту, қара домалақ балалар мен қаракөз қыздарымыздан ел намысын қорғайтын спортшы шығару, ұлттық спортқа деген қызығушылықты арттырып, жастарды отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеу керектігін басты назарға алды. 

Елбасы өзінің Жолдауында: «Өңірлік деңгейдегі резервтерді тауып, бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қожетімділігін арттыру қажет. Үкімет және әкімдерге кем дегенде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды тапсырамын. Сондай-ақ, қолданыстағы әсіресе мектептердегі спорт ғимараттарын тиімді пайдаланып, дене шынықтырумен айналысу үшін аулаларды, парктерді, саябақтарды жабдықтау керек», – деп айтты. Бұқаралық спортқа қолдау көрсетіп отырса, рухты қазақ жұртынан әлі талай чемпиондар шығарына сеніміміз мол. Өскелең ұрпақ мықты болсын десек, өз елінің шынайы патриоты болу керек. Сондықтан, болашақ жастарды бүгіннен бастап салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеу қажет. Келешек ұрпағымыз білімді, патриот болса, ел болашағы да жарқын болары анық.

Иә, шалғайда жүрген талантты балаларға қолдау көрсетіп, қажетті жағдай жасай білсек, ұлт намысын ту қылар тұлғалардың шығары сөзсіз. Сол кезде шетелдік легионерлерге арқа сүйемей, қанша қаржыны желге ұшырмай, жоғарғы жетістіктерге қол жеткізер едік. Өз спортшыларымызға көңіл бөлінбей, кежегеміз кері кеткені - кеткен. Бұл мәселеге байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев та сыни пікірін жасырмаған-ды. 

Қасым-Жомарт Кемелұлы: "Біз көбіне шетелдік спортшыларды шақырамыз. Жеңіс те әкелер. Бірақ бұл көрсеткіш пе? Жоқ. Біз қазақ жастары, қазақстандық жастар арасынан олимпиада чемпиондарын, әлемдік және құрлықтық чемпионаттардың жеңімпаздарын дайындауымыз қажет. Бұл үшін біз балалар мен жасөспірімдер спортын, дене шынықтыруды, салауатты өмір салтын дамытуға екпін жасауға тиіспіз» , - деп қатаң сынға алды.

Расында, ауыл-аймақтарда небір талантты жастарымыз бар. Ең бастысы, оларды іздеп тауып, тәрбиелеп, бағыттап, қажетті жағдай жасай білу қажет. Сол кезде біз күткен нәтиже көп кешікпей өз жемісін беретін болады.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бұл бастамаға қатысты: "Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел дамуы жолында алға қойған міндеттерге байланысты жыл сайын өз жолдауларын жасап келеді. Бұл жолғы Жолдауда туризм, спорт салаларына қатысты өте қажетті дүниелерді айтты. Әсіресе, халықьы бұқаралық спортқа тарту үшін "өңірлік деңгейдегі резервтерді тауып, бұқаралық спорт пен денешынықтырудың қолжетімділігін арттыру қажет" деп атап өтті. Сондай-ақ, Үкіметке және әкімдерге кем дегенде 100 денешынықтыру-сауықтыру кешенін салуды тапсырды. Бұдан бөлек, "қолданыстағы, әсіресе мектептердегі спорт ғимараттарын тиімді пайдаланып, дене шынықтыру мен айналысу үшін аулаларды, саябақтарды жабдықтау қажет" деп тапсырды. Халықты салауатты өмір салтын ұстануға шақырған Мемлекет басшысының ұсыныстары дәл қазіргі сәттен бастап қолға алынып, қажетті жұмыстар атқарылатын болады. Кезекті Жолдауда әлеуметтік саладан бастап денсаулық, мектептегі мәселелер, инфраструктура секілді барлық саладағы маңызды мәселелер көтерілді. Мемлекет басшысының дәстүрлі Жолдауын құрметпен қабылдап, бағдарға алынған мақсат-міндеттерді нәтижелі іске асыруға үлесімізді қосатын боламыз", - деген болатын.

Ендеше, болашықты бүгіннен ойлап, бұқаралық спортқа баса мән беріп, білек сыбана іске кірісуіміз қажет. Уақыт кемесі қателіктерді кешірмейді. Елдіктің тарихы қазіргі сәттен басталады.