07 мам, 2018 сағат 10:45

Жаужүрек жауынгерлердің көтеретін жүгі ауыр - Назарбаев

Жамбыл облысындағы «Отар» әскери базасында Елбасы - ҚР ҚК Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысуымен жауынгерлік парад өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". Парад алдында Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Отан қорғаушы күнімен құттықтады.

«Қымбатты қазақстандықтар, сардарлар мен сарбаздар! Қадірлі ардагерлер! Баршаңызды Отан қорғаушы күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Баһадүр бабалар Ұлы Даламызды ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, бізге аманат етіп қалдырды. «Ұранды елдің ұрпағы айбарлы келеді» деген дана халқымыз. Бүгінгі айбынды армиямыз үшін елдің тыныштығын сақтап, Тәуелсіздіктің қорғаны болу - мәртебелі зор міндет. Жаужүрек жауынгерлердің көтеретін жүгі ауыр. Бірақ ол - абыройлы борыш, қастерлі парыз. Қарулы Күштеріміз - халқымыздың сенімді тірегі, мемлекеттің берік қалқаны», - деп атап өтті Елбасы.

Президент азаматтарымызды отансүйгіштікке тәрбиелеу ісінде әскери дәстүр маңызды рөл атқаратынын атап өтті. 

"Жауынгерлік ту — туған жерге адалдықтың, ерлік пен батырлықтың нышаны. Қасиетті байрақ рухы биік, ержүрек сарбаздарды әрдайым жеңіске жетелейді. Бауыржан Момышұлының "Батырлық өскен ортаға, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады" деген сөзі бар. Азаматтарымызды отансүйгіштікке тәрбиелеу ісінде әскери дәстүр маңызды рөл атқарады. Әр сарбаз Отан қорғаушы ретінде өзінің ел алдындағы ерекше жауапкершілігін сезінуге тиіс. Қарулы Күштерімізде жігерлі жігіттермен қатар аяулы аруларымыз да әскери қызметті абыроймен атқарып жүр. Сондықтан бүгінгі мереке ер азаматтармен қатар сап түзеген қайсар қыздарымызға да ортақ", — деді ол. 

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің Отан қорғаушыларға әрқашан қамқорлық көрсетіп келетінін айтты. 

"Қазақстандық әскери қызметшілер ең қатыгез соғыста фашизмді жеңген біздің әкелеріміз бен аталарымыздың жауынгерлік айбыны мен даңқы дәстүрінің лайықты мұрагерлері. Біз әрқашан олардың өмір мен туған жердің гүлденуі үшін шексіз батырлығы мен өшпес ерлігін жадымызда сақтаймыз. Бүгінде Қазақстан армиясы ел Тәуелсіздігін сенімді қорғап тұр. ҰҚШҰ аясында ұжымдық қауіпсіздікке табысты жәрдемдесуде. Сонымен қатар БҰҰ аясында маңызды бітімгерлік қызметтерді абыроймен орындап келеді

Өткен жылы әскери қызметшілердің лауазымдық жалақысы 25 процентке артты. Әскерилерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі шешімін тауып келеді. Мұның бәрі Қарулы Күштер сарбаздарының ар-намысы мен айбынын арттыруға жол ашады. Сондықтан мен сіздерді әскери антқа адал болады деп сенемін!", — деді Елбасы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 3 мыңнан астам сарбаз бүгінгі парадқа жіті дайындалған. 

Әскери база аумағында жауынгерлік техниканың арнайы көрмесі көпшілік назарына ұсынылған. Парадқа келгендер осы көрмедегі соңғы үлгідегі әскери технологияларды тамашалады. Дәстүрлі түрде жеке құрам салтанатты маршпен жүріп өтті. Парадқа 300-ден астам әскери техника, 40-қа жуық авиация техникасы қатысты. Армиялық бөлімшелер әскери техниканың заманауи үлгілерін іс жүзінде қолдану тәсілдерін көрсетті.