04 жел, 2017 сағат 12:08

Бүгінгі білім жүйесінің жаңашылдығы қандай?

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақстан-2050» стратегиясы – барлық саланы қамтитын және үздіксіз өсуді қамтамасыз ететін жаңғыру жолы» делінген. Елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміз сыналатын, сынала жүріп шыңдалатын үлкен емтихан екендігі айтылған. Онда «XXI ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар» делінген. Барлық дамыған елдерде сапалы бірегей білім беру жүйесі бар. Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін, білікті мамандар ұсынудың маңыздылығы айтылған. Орта «Білім жүйесіндегі жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізіп, оқыту нәтижесінде оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеруі тиіс» делінген.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының “Білім туралы” заңына сәйкес “Әр баланың жеке қабілетіне қарай интеллектуалдық дамуы, жеке адамның дарындылығын, талантын, қабілетін дамыту” сияқты өзекті мәселелер енгізіліп отырғаны белгілі. Өйткені ғылым мен техниканы, өндірісті әлемдік деңгейде дамыту үшін елімізге шығармашылықпен жұмыс жасайтын білімді, жоғарғы дайындығы бар білікті мамандар қажет.

Бүгінгі таңда балалардың қабілеттерін жоғарғы деңгейде қанағаттандыратындай білім беру көптеген өркениетті елдерде саралап оқыту принципінің негізінде одан әрі дамытылуда. Ол Франция, Америка, Германия, Англия, Жапония т.б. елдердің білім беру жүйесінде қазір жоғарғы деңгейде жүргізілуде. Қоғамымыздың қазіргі даму кезеңі мектептегі білім беру жүйесінің алдына оқыту үрдісін технологияландыру мәселесін қойып отыр. Осындай табиғи сұраныстарға орай, оқытудың әртүрлі технологиялары жасалып, мектеп тәжірибесіне енгізілуде. Мәселен, академик В.И. Монаховтың технологиясы, В.К. Дьяченконың ұжымдық оқыту әдісі, М.М. Жанпейсованың оқытудың модульді технологиясы және Ж.А. Қараевтың білім беру жүйесін ақпараттандырумен қатар оқушылардың өскелең оқу тәрбие үрдісін түгелдей терең дараландырып жаңаша білім алуына, өздігінен іздену сезімін ояту, дарындылық пен талапқа жол ашуға бағытталған технологияларын атап көрсетуге болады. Олай болса, оқытушы педагогикалық ізденіспен озық технологиялардың әдіс-тәсілдерін аса жоғары талғаммен қолдана білуі тиіс. Оқушылар алған білімдерімен келешекте белгілі бір мәдени ортада өмір сүруі үшін, яғни тез бейімделе алуы арқылы функционалдық сауаттылыққа қол жеткізеді. Әрбір сабақты өту барысында шынайы өмірмен ұштастыру оқушылардың функционалдық сауаттылықтарын және келешекте өз мамандықтарын дұрыс таңдауына әсер етеді.

«Сабақ беру – үйреншікті жай шеберлік емес, ол үнемі жаңаны табатын өнер» – деп бес арысымыздың бірі  Ж.Аймауытов айтқандай, ұстаз әрқашан сабақты қызықты етіп, түрлендіріп өткізіп отыруы тиіс. Сонда оқушылардың пәнге қызығушылығы артып, өз беттерінше ізденіске ұмтылады. Сондай оқушының өз ізденісін тудыру соңғы кездері қатты қолға алынды, үлкен өзгерістерге ие болды.

Отандық білім беру жүйесінде реформаны жүзеге асыра отырып, біз оны мынадай бағытта дамытуды қамтамасыз етуіміз керек болды:

  • бірыңғайлық пен біртұтастықтан – ашық әрі алуан түрлілікке;
  • әрі-сәріліктен – жеке тұлғалық – бағытталғандыққа;
  • бір жақты білімділіктен – білімді беру және еске түсірумен ғана түгенделмейтін, адамның көптеген және көп қырлы зияткерлік, көркемдік, рухани, практикалық іс-әрекеттеріне де есептелген іс-әрекеттік пен полимәдениеттілікке;
  • схоластикалық, жалған академиялық, нәтиже жоқтығынан (бұл жерде білім мазмұнының ең көп бөлігі оқушылардың меңгеру мүмкіндігі мен қызығушылығынан тыс қалады) – өмірге ұмтылыс пен тиімділікке;
  • репродуктивтіліктен және бейімдеушіліктен – қоғам мен жеке тұлғаның қазіргі өмірде серпінді болып жатқан өзгерістерге «үйлесіп» ғана қоймай, осы өзгерістерді жүзеге асыру, алға жылжыту қабілетін қалыптастырушы нәтижелілікке және дамытушылыққа.

Бірақ бұларды жүзеге асыру қиын болды. Сондықтан 11 жылдық мектептен 12 жылдық мектепке көшуді жүзеге асыра отырып, ең алдымен, осы проблемаларды шешу, яғни, оқытуды ұйымдастыру принципін өзгерту мен ондағы оқушының рөлін білім, білік, дағдыны енжар «алушыдан» танымдық үдерістің белсенді субъектісіне айналдыру міндеті қойылды.

Білімді адамдардан гөрі тәрбиелі, жүректі адамдарды тәрбиелеу, баланың жүрегіне баратын білім беру керек екеніне көзіміз жетті емес пе? «Жүрек – адам тәрбиесінің темірқазығы» – дейді Абай атамыз. Амалдың тілін алса, яғни арды ойламай, тек пайда ойласақ, жүрек ұмыт қалады.

Баланы тұлғаға бағыттау – жүректі сүйіспеншілікке толтыру.

Бала кезінен бастап бала тәрбиеленетін орта жылылыққа, сүйіспеншілікке толы болу керек. «Жаратушының қолынан шыққан нәрсе әдемі болады да, адам қолында бұзылады» (Ж. Руссо). Демек, белсенді тұлғаны тәрбиелейтін, дамытатын – ортасы, достары, мұғалімдері.

Біздің міндетіміз – баланың бойындағы ерекше қасиеттерін табу, оны дамытуға кемшіліктерін байқап, оған көмектесу.

«Білімді математикаландыру керек» (Н. Назарбаев), яғни баланы жүйелі ойлауға үйрету. Бала алдына лайықты мақсат қойып, мәселені шешудің жолдарын біліп, сол мақсатқа жетудің мүмкіндіктерін дұрыс пайдалануы керек. Сондықтан да кездейсоқтықтан, әр түрлі ситуациялардан шығу жолдарын қарастыруда дұрыс шешім қабылдау, әрекет жасау қабілетін есепке алатын құзырлылықты нәтижеге бағдарланған білім беру жүйесінің сапалық критерийі ретінде зерттеу – бүгінгі күннің талабы.

Адамзаттың өзі жаңа сапаға ауысты. Қарым-қатынас стилін өзгерту талабы туындады. Әр баланың өзіндік ерекшелігі болады. Көру арқылы ой қорытатындар (визуалдар), есту арқылы пікір жинақтайтындар (аудиалдар) болады. Сонымен қатар балалардың кинестетик деп аталатын тағы бір тобы бар. Олар бәрін өздері қолдарымен ұстап, бақылап жылжытып, өзі жасағанды ұнатады.

Ал көбінесе біздер балалардан қозғалмай отыруды талап етеміз. Мұндай жағдайда кинестетиктер ешнәрсені жөнді ұға алмайды. Сонан кейін оқуға деген қабілетін жоғалтады.

Ұстаздың қоғам өмірінде алатын орны мен олар атқарып отырған міндеттердің айрықша маңыздылығын Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «Мұғалімдер – қоғамның ең білімді, ең отаншыл, ең санампаз бөлігі болып табылады… Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет өте ауыр» – деп атап көрсетті. Ендеше білім беруде мұғалім білігі мен білімі мол мамандыққа дәл мұғалімге қойылғандай жоғары талаптар қойылмайды.

Еліміздің мәртебесінің биік болуы қоғам мүшелерінің, келешек ел қожасы – жас ұрпақтың белсенділігі мен іскерлігіне тікелей байланысты болмақ.

Бүгінгі таңда мұғалімдер басшылыққа алатын ресурстар, әдістемелік нұсқаулықтар баршылық. «Сол әдіс-тәсілдерді қалай пайдалану керек және қайтсек ол нәтижесін береді?» тағы басқа да сауалдарға шамамыз келгенше жауап беріп көрейік.

«Егер оқытуды біреудің басынан басқаның басына білім тасымалдау деп түсінсек, онда адамды ешнәрсеге де үйретуге болмайды» – деген Платон бір сөзінде.

Сол себепті қазіргі заманауи тәсілдерді енгізе білу мұғалімнің жасампаздық қабілетінің артуына үлкен әсерін тигізері сөзсіз.

Мұғалімнің шығармашылығы дами отырып, оқу үрдісінің сапалылығы артады және оқушы мен мұғалім арасындағы қарым-қатынас стилі өзгереді, жаңа сатыға көтеріледі.

Жаңа тәсілдерді білім беру үрдісіне енгізу – көзқарасымызды өзгертуге бағытталған үрдіс.

Әлемдік білім беру жүйесі де жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталған. Бұл ұстаным Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында жан-жақты сипатталған: «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу».

Кеше тұлғаның «миы», «басы», «ақылы», «интеллекті» бірінші орында еді, ал бүгінде адамды бағалауда біз бірінші кезекте оның ішкі дүниесін, рухани ахуалын, адамгершілік қасиеттерін ескереміз. Абайдың «Адам бол» деген рухани қағидасы бүгінде білім игеру жүйесінің басты қағидасына айналып отыр.

Білім беру реформаларын сапалы жүзеге асыру жолдарын қарастыруда әлем елдерінің, соның ішінде, Жапонияны алатын болсақ, біздің балаларымыздың білім сапасы Жапония елінің білім сапасынан айтарлықтай төмен екендігі анықталған. Олар біздің оқушыларымызға қарағанда едәуір аз пән оқиды. Жапонияда жеке тұлғаның эмоционалдық бет-бейнесін қалыптастыратын пәндер 70%-ды құрайды. Жеке тұлғаның рухани-адамгершілік тәрбиесіне айтарлықтай көп уақыт бөлінеді.

Мұғалім мен тұлға арасындағы қарым-қатынаста рухани-адамгершілік байланыс орнатып, ынтымақтастыққа қол жеткізуде Ш. Аманашвили мұғалімдерге мынадай кеңес береді: «Педагогикалық үдерісте баламен тіл табыса білу, яғни балаға өз ойын, талғамын, көңілдегісін айтуға рұқсат беру тәрбиешіден көп шеберлікті талап етеді.

Осынау қарым-қатынаста бала жанының қозғалысымен ынтымақтастық тапқан кезде бала өз бойындағы табиғи дарынын ашады, ал мұғалім өзінің шығармашылық жігер қуатының жемісін көруге мүмкіндік алады.

Басқаша айтқанда, бала шығармашылығы мұғалім шығармашылығымен ұласып кетеді. Мұндай жағдайда мұғалім мен оқушы арасында тұтастық пайда болады» – деп рухани-адамгершілік қай кезде орнығатынын пайымдайды.

Ұстаз үшін нәтижеге жету шәкіртінің білімді болуы ғана емес, білімді өздігінен алуы және алған білімдерін қажетіне қолдану болып табылады. Бүгінгі бала – ертеңгі жаңа әлем. Оқушының дамына әсер етуші әлеуметтік фактор негізінде оқушы, мұғалім, ата-ана, басқа пән мұғалімдері ынтымақтасуы керек.

Заман талабына сай жаңа технология әдістерін үйрету, бағыт-бағдар беруші – мұғалімдер. Оқушылардың жаңа тұрмысқа, жаңа оқуға, жаңа қатынастарға бейімделуі тиіс. Осы үрдіспен бәсекеге сай дамыған елдердің қатарына ену ұстаздар қауымына зор міндеттер жүктейтінін ұмытпауымыз керек.

Ы. Алтынсарин: «Мұғалімдік мамандық – бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты, шым-шытырағы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер, ол – даналықты жүректен ұға білу болып табылады» – деген екен.

Отарбаева Гүлнара Серикқызы