29 мау, 2019 сағат 13:22

Бүгін Димаш Құдайбергеннің концертіне байланысты елордада жолдар жабылады

Бүгін елордада Димаш Құдайбергеннің жеке концертінің өтуіне байланысты сағат 19:00-ден 00:00-ге дейін Қабанбай батыр даңғылының бойында Керей - Жәнібек хандар көшесінен Ұлы Дала даңғылына дейінгі аралықта көлік қозғалысы шектеледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінен мәлім еткендей, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде қоғамдық көліктерге басымдық беріледі.

Осыған байланысты Полиция департаменті жүргізушілерге жеке көліктерінен бас тартып, қоғамдық көліктермен жүруге кеңес береді. Нұр-Сұлтан халықаралық әуежайы аумағына және жақын орналасқан елді мекендерге сапарлайтын тұрғындарға алдын ала басқа қосымша бағытты таңдауды ұсынады. Сондай-ақ, көрермендер жеке көліктерін жақын орналасқан «Барыс - Арена» СК, «Алау» СК, «Сарыарқа Велотрегі» СК аумағындағы көлік тұрақтарына қоюларына болады.

Бұдан бөлек, көрермендер үшін 19:00-22:00 аралығында концерт өтетін «Астана Арена» стадионына № 10; 12; 28; 37; 40; 51; 53; 60 қалалық және қала маңына қатынайтын арнайы рейстік автобустар жүреді.

Концерттен шыққан көрермендер үйлеріне қайту үшін Қабанбай батыр даңғылы жағынан автобустарға отыра алады.

Осыған байланысты, Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті елорда тұрғындары мен қонақтарына өз бағыттарын алдын ала жоспарлауға кеңес береді.