17 мам, 2017 сағат 11:41

БТА банк тез бұзылатын азық-түліктерді кепілге қойып, 5 млрд теңге несие берген

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында банкир Мұхтар Әбіләзов пен оның сыбайластарына қатысты қылмыстық істі қарау одан әрі жалғасуда. Соттың бүгінгі отырысында «Klostrade Financial Group LTD» оффшорлық компаниясы арқылы БТА банктің 4,8 миллиард теңгесін жымқыруға қатысты оқиға қаралды. Бұл компания да Сейшель аралдарында тіркелген.

«Бір күндік» компанияның директоры ретінде әлдебір Джефри Тейлор деген адам көрсетілген. Айта кетерлік жайт, оффшорлық компаниялардың жалған жетекшілері ешқашан Қазақстанға келмегені бесенеден белгілі. Олай болса, БТА банктің қызметкерлері де оларды ешқашан көрмегені айдан анық.

«Klostrade Financial Group LTD» компаниясына несие беруге қажетті құжаттарды №6 корпоративтік бизнес басқармасының қызметкерлері дайындаған. Бұған дейінгі сот отырыстарында аталған құрылымның тікелей Мұхтар Әблязовтың бақылауында болғаны бірнеше мәрте айтылған еді.

№6 корпоративтік бизнес басқармасының негізгі міндеттерінің бірі - БТА банктен еш кедергісіз несие ақша алу үшін Мұхтар Әблязовтің нұсқауымен оффшорлық аймақтарда «бір күндік» компанияларды тіркеу болып табылған. Сот отырысында бұған дейін түсінік берген куәгерлердің айтуына қарағанда, коммерциялық қызметпен айналысқанын асырып көрсету үшін негізгі компанияға бағынышты еншілес компаниялар әртүрлі тауарларды сатып алу мақсатында Мұхтар Әблязовтің бақылауындағы басқа «бір күндік» компаниялармен келісім-шарт жасаған. Түптеп келгенде, ешқандай компания тауар сатып алмағаны анық.

Ал жалған келісімдер тек банктен несиелік қаражаттарды алуға ғана қажет болған. «2008 жылы «Klostrade Financial Group LTD» компаниясы БТА банктен несие ақша алуға бірнеше рет өтініш берген. Несие ақшаның мақсаты ретінде жасалған келісім-шарттар бойынша міндеттемелерді орындауға жұмсалатыны көрсетіледі», - деп хабарлады сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Еркін Баймағамбетов.

Атап айтарлығы, келісім-шарттың мәніне келгенде ешкім басын қатырмаған көрінеді. Өйткені, тауарды М. Әблязовқа бағынышты басқа бір компания тасымалдайды. Мысалы, бұл жолы соя бұршағы мен басқа да тез бұзылатын азық-түлік өнімдерін «Noble Resources», «Bunge SA» компаниялары жеткізуі тиіс болған. Бірақ түптеп келгенде, тауар да, оны сатып алуға БТА банктен бөлінген несие ақша да Қазақстанға жетпеген. «Бұл жолы да банкішілік нормативтік құжаттарға қойылатын талаптар бұзылған. Кепілзаттық міндеттеме қамтамасыз етілмейді. Алайда соған қарамастан, БТА банктің несие комитеті аталған аккредитивті ашу туралы заңсыз шешім шығарады» - деп жалғады сөзін мемлекеттік айыптаушы.

Жалпы алғанда бұл қылмыстық кесте арқылы Мұхтар Әблязов пен оның сыбайластары 4,8 миллиард теңгені жымқырған. Айта кетелік, қашқын банкир Мұхтар Әбіләзовтің қылмыстық ісі бойынша басты сот отырысы ағымдағы жылдың 3-інші сәуірінде басталды.

Сот отырыстарына үш мемлекеттік айыптаушы, сотталушылардың қорғаушылары және БТА банкінің өкілі қатысуда. Қылмыстық істің жалпы көлемі 2 224 томнан тұрады. Айыптаушылар тізімінде 200-ден астам куәгерлер бар. Мұхтар Әбіләзовтің өзі алғашқы сот отырысынан бастап сотқа келген жоқ. Оның мүддесін сотта мемлекет белгілеген қорғаушы Анжелика Әжіғұлова қорғауда.

inform.kz