02 қар, 2019 сағат 14:31

Британ полициясы: Жүк көлігінде қаза тапқандардың барлығы - Вьетнам азаматы

39 адамның денесі табылған жүк көлігін полицейлер қоршап, қажетті орынға апара жатыр. Эссекс, 23 қазан 2019 жыл.

Британ полициясы 23 қазанда Лондонға жақын жерде жүк көлігінен денесі табылған 39 адамның барлығы Вьетнам азаматы екенін айтады.

"Вьетнам азаматтары қаза тапты деп ойлаймыз. Қазір Вьетнам үкіметімен байланыс орнатып отырмыз. Вьетнам мен Ұлыбританиядағы бірнеше отбасымен де байланыс орнаттық. Қаза тапқандардың кейбірінің туыстарын таптық деп ойлаймыз" деп жазды Эссекс полициясы бастығының көмекшісі Тим Смит Twitter желісінде.

Бұған дейін полиция Анлияның оңтүстік-шығысында жүк көліктен денесі табылған 39 адамның барлығы Қытай азаматы деп айтқан. Олардың 31-і - ер адам, сегізі - әйел.

Жүк көлігінің жүргізушісі Солтүстік Ирландияның 25 жастағы тұрғыны Морис Робинсонға полиция "адам саудасы" және "кездейсоқ адам өлтіру" баптары бойынша айып тақты. Тергеу дерегінше, Робинсон Бельгияның Зебрюгге портынан жеткізілген контейнерді Пурфлит портынан қабылдап алған. 1 қарашада іске қатысы болуы мүмкін тағы бір адам қамалды. Бұл іс бойынша Вьетнамда екі адам ұсталды.