09 шіл, 2019 сағат 22:35

«Британ кварталындағы» өрт сөндірілді: Мансардтағы 4 пәтер бүлінген

Елордадағы элиталық үйлердің бірі - «Британ кварталындағы» өрт сөндірілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Өрт Алматы ауданының Сарқырама қиылысындағы 6 қабатты үйден шыққан. Оқиға туралы ақпарат кешкі сағат 19.39-да түскен. Өрт сөндірушілер келіп жеткенде шатырдағы қызыл жалын шамамен 100 шаршы метр аумақты қамтып үлгерген. Үй тұрғындары төтеншеліктер келіп жеткенше өз бетінше қауіпсіз жерге эвакуацияланған.


«Қалыптасқан жағдайды ескере келе өрт сөндіретін 4 учаске белгіленді. Бәрінен бұрын шатырдың өзгеше жобалануы біршама қиындық туғызды, онымен бірге жылдамдығы 13 м/с болатын жел де өртті сөндіруге айтарлықтай кедергі жасады. Қабылданған шаралардың арқасында жалын 21:56-да ауыздықталып, 23:02-де сөндірілді. Тілсіз жау 600 шаршы метр аумақты шарпыды. Оқиға салдарынан үйдің шатыры ішінара өртеніп кетті, сондай-ақ кешеннің мансард қабатында орналасқан 4 пәтер бүлінді» делінген хабарламада.

Зардап шеккендер жоқ. Қызыл жалынның үйдің басқа аумақтарына тарап кетуіне жол берілмеді.

Өртті ауыздықтауға елордалық төтенше жағдай департаментінің 67 қызметкері мен 13 техникасы жұмылдырылды. Оқиға орнында 3 адамнан тұратын Апаттық медицина орталығы бригадасы, полициядан 8 адам мен 3 техника және жедел жәрдем бригадасы жұмыс істеді.