12 шіл, 2017 сағат 14:47

Бозымбаев: «Жасыл» технологиялар орталығы 2018 жылы жұмысын бастайды

«Жасыл» технологиялар орталығы өз жұмысын 2018 жылы бастайды. Бұл туралы бүгін «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы» халықаралық форумы барысындағы баспасөз мәслихатында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан дәйекті түрде «жасыл» экономикаға ауысу тұжырымдамасын жүзеге асыруда. Осы тұжырымдаманы іске асырудағы қадамдардың бірі - ЭКСПО павильондары бірінің базасында «Жасыл» технологиялар және инвестициялар орталығын құруға негізделген. Өздеріңіз білесіздер, орталықты БҰҰ-ның түрлі ұйымдарының қолдауымен құру қарастырылып отыр. Сонымен қатар біз жеке капиталдың қатысуын да ескерудеміз», - деді Бозымбаев.

Оның сөзіне қарағанда, орталық қызметіне Орталық Азия өңірі халқы арасында «жасыл» мәдениетті қалыптастыру, «жасыл» технологиялар трансферті, сондай-ақ «жасыл» қаржыландыру кіреді.

«Жаңа жылға дейін негізгі құжаттарға қол қойып, келіссөздерді аяқтаймыз деген ойдамын. Осы ретте алдағы жылы орталық толыққанды қызмет етуі тиіс», - деді министр.