13 там, 2019 сағат 14:37

Бозымбаев мұнайды қайта өңдеу көлемі неліктен жоспардан қалып жатқанын түсіндірді

ҚР Энергетика министрлігі Қанат Бозымбаев елімізде мұнайды қайта өңдеу көлемі неліктен жоспардан қалып жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша мұнайды қайта өңдеу көлемі 9,58 млн тоннаны құрады. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,1 пайыздық өсімді көрсетіп отыр. Бірақ, жоспарлы көрсеткішке 1,2 пайызға жете алмадық. Оның себептері бар. Өзіңіз білетіндей, ағымдағы жылдың басында бензин экспорты тоқтап, мұнай-өңдеу зауыттарының бензин резервуарлары толып қалуына байланысты болған. Биыл маусым айынан бастап бензин экспорты басталып, мұнай-өңдеу зауыттары толыққанды жұмыс істеп жатыр. Белгіленген жоспарды жыл соңына дейін орындаймыз деп отырмыз», - деді Қанат Бозымбаев Үкімет отырысында.

Министрдің айтуына қарағанда, мұнай өндіру көлемі бойынша ешқандай қиындық жоқ.

«Мұнай өндіру саласында жоспарлы көрсеткіштен қарағанда қарқын 11,2 пайыздан жоғары. Биыл 100 пайыз орындаймыз деп күтілуде», - деді Қанат Бозымбаев.