17 қаз, 2017 сағат 09:50

Бозымбаев бензин тапшылығына қатысты есеп берді

Қазақстанда АИ-92 бензинінің аймақтарға 13 күн үздіксіз жеткізуге жететін қоры бар. Бұл туралы энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлімдеді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпаратkaz.tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.   

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев үкімет отырысын жанармай жағдайын талқылаудан бастады. 

"Бензин бойынша жағдайды тұрақтандыру үшін бірқатар шара қолданылды. Шымкент және Атырау зауыттарында АИ-92 бензинін өндіру 35 тоннаға дейін арттырылды. Жеңілдетілген мұнай да қосымша жеткізіліп жатыр. Мұның бәрі жоспарланған 135 мың тонна орнына 170 мың тонна АИ-92 өндіруге мүмкіндік береді", - дейді Қанат Бозымбаев. 

Оның сөзінше, ресейлік жанармай тасымалдаушылармен 100 мың тонна АИ-92 жеткізіп беру туралы келісім жасалды. Оның 50 мың тоннасы апта соңына дейін, ал қалғаны ай соңына дейін толық жеткізіледі. 

"Қазір елдегі АИ-92 бензинінің жалпы қалдығы 120 мың тонна. Бұл бензинмен 13 күн үздіксіз қамтамассыз етуге жетеді. Бүгінде АИ-92 сатылымын шектейтін аймақ қалған жоқ, бірінші кезекте ірі желілерді айтып отырмын. Екі желіде ғана талонмен беру ережесі сақталып тұр, олар жақын күндері еркін саудаға көшеді деген ойдамын", - деп сендірді Бозымбаев. 

Министрдің сөзінше, Павлодар мұнай өңдеу зауытын жөндеу жұмыстары кестеге сай өтіп жатыр. 26 қазанда зауыт іске қосылады деп жоспарланған. Ал қазан айының соңына дейін зауыт 65 мың тонны мұнай өңдеп, тәулігіне 2,5 мың тонна АИ-92 бензинін шығарып отырады.