13 ақп, 2018 сағат 10:11

Бозымбаев Астанаға газ тартуға ақша қайдан алынатынын айтты

Астана мен басқа да өңірлерді газбен қамту үшін Еуропа қайта құру және даму банкінен қарыз тарту бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Бұл туралы энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Астананы, сондай-ақ бірқатар өңірді газбен қамту үшін "ҚазТрансГаз" компаниясы "Сарыарқа" магистралды газ құбырының құрылысы жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірледі. Сараптаманың оң қорытындысы бар. Қазіргі таңда жобаны Еуропа қайта құру және даму банкінен қарыз тарту арқылы қаржыландыру мәселесі бойынша белсенді келіссөздер жүріп жатыр", — деді министр.

Оның айтуынша, "Сарыарқа" газ құбыры жобасын қаржыландыру схемасын, шарттарын анықтау үшін ұлттық эокномика, қаржы министрліктері, Астана әкімдігі, "Самұрық-Қазына" қоры мен "ҚазМұнайГаз" өкілдерінің қатысуымен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылуда. 

Бұған дейін жоспар бойынша газ құбыры Қызылорда, Жезқазған, Қарағанды, Теміртау, Астана, Көкшетау және Петропавл қалалары арқылы өтетіні хабарланған еді.