27 қар, 2017 сағат 12:26

Бозымбаев Астанаға газ қашан жететінін айтты

Үкіметте Астанаға газ құбырын тарту және бұл жобаны арзандату жолдары талқыланып жатыр. Бұл туралы ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Sputnik Қазақстан агенттігіне сілтеме жасап. 

"Астанаға газ жеткізу мәселесі талай рет талқыланды. "ҚазТрансГаз" компаниясы "Сарыарқа" газ құбыры құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін дайындады. "Сарыарқа" – Қызылорда облысынан басталатын газ құбыры. "Бейнеу – Бозой – Шымкент", одан кейін "Жезқазған – Қарағанды – Астана – Көкшетау". Астанаға дейін бұл алғашқы кезең, ол 1800 шақырымды құрайды, құны - 266 млрд теңге. Осының бәрін есептесек, газ құны бір текше метріне Астанада 50-55 мың теңге шамасында болады. Салыстырмалы түрде айтсақ, Шымкентте – 30 мың теңге", — деді министр.

Сонымен қатар, Бозымбаев газ құбыры 3 млрд текшеге есептелгенін атап өтті. 

"3 млрд текшеге Қарағанды облысы мен Астананың отын-энергетикалық кешені кіреді. Егер біз Астана ЖЭО-ларын газға ауыстыратын болсақ, онда Екібастұздың арзан көмірімен салыстырғанда жылу бағасы 40-50 пайызға, ал электр энергиясының құны екі есеге жоғары болатынын түсінуіміз керек. Сол себепті қазір үкіметте ұзақ мерзімді қаржыландыруды қалай тарту және бұл жобаны арзандату жолдары талқыланып жатыр.  Себебі өңірлердің экологиясын жақсартамыз деп жүріп, тұрмысы төмен азаматтардың қалтасына салмақ түсірмеуіміз керек", — деді ол. 

Бозымбаев бұл мәселеге қатысты шешім жыл соңына дейін қабылданатынын айтты. 

"Үкіметтің тиісті шешімімен кейінге қалдырылады немесе келесі жылы іске асатынын хабарлаймыз", — деді министр.