20 шіл, 2019 сағат 10:21

Борыш жүктемесін азайту: Министрлік жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі борыш жүктемесін азайту туралы ең жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

1. Борыш жүктемесін азайтуға кім құқылы?

Төменде көрсетілген санаттағы борышкер азаматтардың кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша борыштық жүктемесін азайтуға құқығы бар (2019 жылғы 26 маусымдағы жағдай бойынша):

  1. көпбалалы отбасылар;
  2. асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты төлемдер алатын отбасылар;
  3. мүгедек балалары бар және 18 жастан асқан бала кезінен мүгедек балалары бар отбасылар;
  4. атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар;
  5. жетім балалар;
  6. ата-анасынан кәмелеттік жасқа толғанға дейін айырылған, 29 жасқа толмаған ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар

Бұл ретте тұтынушылық қарыз шарттары бойынша жалпы берешек сомасы 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 миллион теңгеден аспауға тиіс.

2. Тұтынушылық кредиттерді өтеу механизмі қандай?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аталған санаттарға сәйкес келетін азаматтардың тізімін қалыптастырады. Бұл тізім «Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ-ға ұсынылады, ол Екінші деңгейдегі банктермен (ЕДБ) және микроқаржы ұйымдарымен (МҚҰ) өзара іс-қимыл жасай отырып, борышкерлер тізімін қалыптастырды, берешек соманы есептеп, ақпаратты Проблемалық несиелер қорына береді.

Қор әрбір ЕДБ-мен және МҚҰ-мен 2019 жылғы 9 тамызға дейін берешекті өтеу туралы келісім жасайды.

Сондай-ақ, аталған тізім негізінде Проблемалық кредиттер қоры өтінім қалыптастырып Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қаржыландыру үшін ұсынады. Министрлік үш жұмыс күні ішінде қаражатты Қорға аударады.

2019 жылғы 2 қыркүйекке дейін Қор банктер мен микроқаржы ұйымдарының шоттарына ақша аударып, азаматтардың қарыздарын 2019 жылғы 5 қыркүйекке дейін өтейді де, борышкерлерді берешектің өтелгені және берешек қалдығының мөлшері туралы хабардар етеді.

ЕДБ және МҚҰ 2019 жылғы 9 қыркүйекке дейін қарыздар бойынша төлемдер графигін қайта қарауды жүзеге асырады және Қорға әрбір борышкер бойынша берешектің өтелгені және оның қарызы туралы ақпарат ұсынады.

Қор 2019 жылғы 13 қыркүйекке дейін ҚР Ұлттық Банкі мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне берешекті өтеудің жүзеге асырылғандығы туралы ақпаратпен қоса адамдардың тізімін ұсынады.

3. Борыш жүктемесі азайтылған адамдардың санатына жататынымды қалай білуге болады?

Борышкерлер тізімін қалыптастыру өтініш берушінің қатысуынсыз мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арқылы жүзеге асырылатын болады.

2019 жылғы 18 қыркүйектен бастап, барлық рәсімдер аяқталғаннан кейін берешекті өтеу жөніндегі ақпаратты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына хабарласу немесе «электрондық үкімет» www.egov.kz веб-порталы арқылы алуға болады.

Әлеуметтік статусты «электрондық үкімет» веб-порталындағы тиісті қызметті пайдалана отырып білуге болады. Қызмет 2019 жылғы 22 шілдеден бастап қолжетімді.

4. Егер отбасының бір мүшесінде бірнеше қарыз болса, тұтынушылық кредитті өтеу шарттары қандай?

Біріншіден, тұтынушылық қарыздардың барлық шарттары бойынша жалпы берешек сомасы 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 миллион теңгеден аспауға тиіс.

Екіншіден, бір қарыз алушыға қарыздың жалпы сомасының 300 мың теңгеге дейінгі берешегі өтеледі.

Мысалы, АӘК алатын отбасында отбасы мүшесінің  біреуіне ресімделген жалпы сомасы 2,5 миллион теңге мөлшерінде екі тұтынушылық кредиті бар. Бұл жағдайда екі кредит бойынша жалпы сомасы 300 мың теңгеге дейінгі берешек өтелетін болады.

5. Егер отбасының бірнеше мүшесінде тұтынушылық кредиттер болған жағдайда қарыз қалай өтеледі?

Егер отбасының бірнеше мүшесінде кредит болса, яғни қарыз шарттары әрқайсысына бөлек жасалса, онда берешекті өтеу әрбір қарыз шарты бойынша жүзеге асырылады.

Мысалы, егер отбасының екі мүшесіне екі кредит ресімделген болса, онда әрбір қарыз шарты бойынша олар 300 мың теңгеге дейін өтеуге құқылы. Яғни, берешекті өтеудің жалпы сомасы отбасының екі мүшесіне 600 мың теңгені құрайды.

6. Тұтынушылық қарыздар бойынша берешекті өтеудің басымдықтары қандай?

Кредиттік бюро негізгі борыш пен сыйақы бойынша берешекті өтеу жүзеге асырылатын борышкерлерді және олардың қарыздары мен (немесе) микрокредиттерін айқындайды және мынадай басымдықтарды ескере отырып, төлеуге арналған тізімді қалыптастырады:

- бірінші кезекте жылдық тиімді сыйақы мөлшері ең көп қарыздар және (немесе) микрокредиттер бойынша берешек өтеледі;

- екінші кезекте 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша негізгі борыш және сыйақы бойынша ең көп берешегі бар қарыздар және (немесе) микрокредиттер бойынша берешек өтеледі;

- үшінші кезекте қарыз және (немесе) микрокредит шартын жасау мерзімі анағұрлым ерте қарыздар және (немесе) микрокредиттер бойынша берешек өтеледі.

7. Борыш жүктемесін азайту мерзімі қандай?

Тұтынушылық қарыздар бойынша берешекті өтеу процесін 2019 жылдың қыркүйек айында аяқтау жоспарлануда.

8. Айыппұлдар мен өсімпұлдар кімге және қалай кешірілетін болады?

ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес айыппұлдар мен өсімпұлдарға кешіру кепілсіз тұтынушылық қарыздары бар Қазақстан Республикасының барлық азаматтарына жүргізіледі.

ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының қаулысына сәйкес ЕДБ және МҚҰ берешекті кешіруді есептелген тұрақсыздық айыбы бойынша (өсімпұлдар мен айыппұлдар) 2019 жылғы 30 шілдеге дейінгі мерзімде жүзеге асырады.