23 шіл, 2019 сағат 15:38

Борис Джонсон Ұлыбритания премьер-министрі болып тағайындалды

Ұлыбританияның бұрынғы сыртқы істер министрі, Консерваторлар партиясының атынан депутат Борис Джонсон елдің премьер-министрі болып тағайындалды. Джонсон бұрынғы премьер-министр Тереза Мэйге қызметі үшін алғыс айтты.

Джонсонның кандидатурасын партияның 90 мың мүшесі қолдап дауыс берген. Ал елдің қазіргі сыртқы істер министрі Джереми Хантты 40 мың адам қолдаған. Ұлыбританияда британиялық партияның барлық мүшесі дауыс беру құқығына ие. Сайлауға партияның 159 320 мүшесінің 87,4% қатысқан.

Борис Джонсон сәрсенбіге дейін жұмысына ресми түрде кірісе алмайды. Тереза Мэй ханшайымға отставка жөнінде өтініш білдірмес бұрын премьер-министр ретінде Қауымдар палатасында соңғы рет сауалдарға жауап беретін болады.

Кейін Борис Джонсон лауазымын растау үшін Букингем сарайына, артынан 10 нөміріндегі танымал қара есіктің алдында сөз сөйлеу үшін Даунинг-стритке аттанады.


Борис Джонсон әзірге қызметіне кіріскен жоқ, алайда сайлауға қатысуының өзі британиялық биліктің негізгі мүшелерінің арасында қарсылық туғызды. Олар Лондонның бұрынғы мэрімен жұмыс істегеннен гөрі жұмыстан кетуге ниетті екендерін мәлім етті.

The Guardian ақпаратына сәйкес, олар Борис Джонсонның Ұлыбриятанияны Еуропалық Одақтан шығару мерзімін тағы біршама уақытқа ұзартпай, 31 қазанға белгілегеніне алаңдаулы.

Ел үкіметін басқарған Тереза Мэй мамырдың соңында отставкаға кететінін мәлімдеген. Ол Ұлыбританияның Еуропа одағынан шығу ісін соңына дейін жеткізе алмағаны үшін халықтан кешірім сұраған. Осыдан кейін премьер-министрді сайлау үшін бірнеше рет дауыс беру кезеңі өтті.