12 қаң, 2018 сағат 12:30

Боран салдарынан елордаға қандай шығын келді?

11 қаңтар күнгі боран салдарынан елордада 26 тұрғын үйге зақым келді. Бұл туралы Астана қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кеше ауа райының қолайсыздығына байланысты Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев төтенше жағдай жариялаған болатын. Жарияланған төтенше жағдай  бүгін тоқтатылды. Астана қаласы бойынша 26 тұрғын үй кешені зақымданды. Атап айтқанда, Алматы ауданында 4, Сарыарқа ауданында 8 және Есіл ауданында 14 тұрғын үйге зақым келді. Яғни қасбеттері ұшып, терезелері сынған», - деді ол.

Э.Жүргенбаеваның сөзіне қарағанда, боран салдарынан 4 мектеп, 3 балабақша айтарлықтай бүлінген. Сонымен қатар С.Сейфулин атындағы Қазақ агроттехникалық университетінің шатыры жартылай ұшып кетіп, біраз шығын келтірген.

«Қазіргі уақытта шығындарды орнына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Мұнан бөлек 16 аялдама бүлініп, 131 бағдаршам орнынан қозғалып кетті.

Пәтер иелері кооперативтерімен және тұрғындармен аудан әкімдері тығыз жұмыс жасауда.  Келтірілген шығындар есептелуде», - деді елорда әкімінің баспасөз хатшысы.

Оның дерегінше, 2 күннің ішінде 82 мың текше метр қар қала сыртына шығарылды. Қар тазалау жұмыстарына 2 мыңнан астам жұмысшы, 2600 арнайы техника жұмылдырылды.