12 қар, 2019 сағат 09:10

Бомба ұстап, бәрінен қорқып отырғанша еліңді дамытқан абзал

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік ахуалға әсер етіп отырған Иран дағдарысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Біз бұл мәселені көп талқыладық. Бұл проблемаға қатысты нақты қазір жауап айту – мен үшін өте қиын. Иранмен жасалған келісімнің тоқтап тұрғаны өкінішті. Әрине, кезінде жасалған келісімнің жойылмағанын қалаймыз. Бәрі келісті, мәмілеге келді – Иран ұсыныстарды қабыл алды. Қазақстан бұл іске қатысты. Келіссөз осында өткізілген еді. Иран президентімен де бірнеше рет кездесіп, оған Қазақстанның совет дәуірінен кейін ядролық мемлекетке айналып қалғанын айтқан едім. Қазақстанның ол кезде полигоны, 1100 оқтұмсығы бар 110 ядролық зымыраны, алыс қашықтыққа бейімделген қаруы болды. ТМД бойынша есептегенде оның бәрін өзіміздікі деп айтуға болар еді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев Astana Club отырысында.

Елбасының айтуынша, қазір әлемде 7,5 мың ядролық оқтұмсық бар.

«Солтүстік Кореяға да, басқасына да айтарым - қолға бомба ұстап алып, бәрінен қорқып отырғаннан гөрі әлемдік қауымдастықтың жағымды назарын аударып, инвестиция алып, елді дамытқан абзал. Өз еліңді қарумен қорғап қаласың ба, әлде құртып аласың ба – екеуі екі түрлі нәрсе. Сол себепті қазір ол мәселе тығырыққа тірелді», - деді ол.

Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде Иран мәселесін кезінде жеткізілген келіссөз нүктесіне қайта алып келу керек.

«Еуропа елдері мен басқа да әлемдік қауымдастықтар тарапынан Иранға тиісті кепіл берілуі тиіс. Қазіргідей бастықтыра бермеген абзал. Ол - өте қауіпті қадам. Әлемдік көмірсутек шикізатының, мұнай қажеттілігінің 30 пайызы Ормуз бұғазы арқылы өтеді. Текетірес бола қалса, әлемдік ахуал қиындай түседі. Демек, бұның бәрі - конфронтацияның кеселі. Кез келген мәселеде келіссөз керек. Келіссөздерге қайтқан жөн. Мен әрдайым осыған шақырамын. Қазір ірі ядролық мемлекеттер келіссөз үстелінде бас қосуы тиіс. Әлемдік соғыстардың бәрі де келіссөзбен аяқталған. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін ірі державалар Ұлттар лигасын құрды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін БҰҰ құрылды. Яғни, бәрі келіссөз арқылы шешілген», - деді ол.