13 қар, 2019 сағат 06:36

Боливиядағы дағдарыс: Жанин Аньес өзін уақытша президент деп жариялады

Эво Моралес отставкаға кеткен соң Боливия оппозициясының сенаторы Жанин Аньес өзін елдің уақытша президенті деп жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" BBC News-ке сілтеме жасап.

Моралес партиясының парламент мүшелері парламенттік сессияға бойкот жасады. Бұл тағайындау үшін кворум болмағанын білдіреді.

Жексенбі күні екінші вице-спикер Аньес Конституцияға сәйкес, президенттік лауазымына кезекте бірінші тұрғанын айтты және алдағы уақытта сайлау өткізуге уәде берді.

Естеріңізге сала кетейік, елдің бұрынғы президенті Моралес Боливиядан Мексикаға қашып кеткен болатын. Оның өміріне қауіп төніп тұрғандықтан, сол елден баспана берілді.

Моралес жексенбі күні президент сайлауының даулы нәтижелері бойынша бірнеше аптаға созылған наразылықтан кейін отставкаға кеткен болатын. Ол кетуге мәжбүр болғанын, мұны «елде енді қантөгіс болмас үшін» ерікті түрде жасағанын айтты. Оның отставкаға кетуін елдің әскерлері, оппозициясы мен кәсіподақтары сұрады.

Сейсенбі күні жоғары лауазымды шенеуніктердің отставкаға кетуі кезінде президент лауазымына келесі кезекте тұрған Аньес ханым Сенатты уақытша бақылауға алды. Айта кетейік, елдің президенті немесе вице-президенті отставкаға кеткен жағдайда конституцияға сәйкес билік Сенаторлар палатасының төрағасына көшеді. Егер ол да өз орнын босатса, онда мемлекетті Депутаттар палатасының төрағасы уақытша басқарады. Бірақ Адриана Сальватьерра мен Виктор Борда да отставкаға кетті.

Моралес Аньестің уақытша президент болатыны туралы мәлімдемесін айыптап, Twitter-дегі ресми парақшасында «бұл - тарихтағы ең арам және абыройсыз төңкеріс» деп жазды.