07 жел, 2017 сағат 16:14

Болат Әбділманов: Айлығымыз аз демей, атан түйенің жүгін арқалап жүрміз

Кеше ғана Үкiмет сағатында ҚР Мәдениет және спорт министрi Арыстанбек Мұхамедиұлы өнер және мәдениет қызметкерлерiнiң еңбекақысы жайлы айтып бердi. Мәжiлiс депутаты Қуаныш Сұлтановтың көтерген мәселесіне министрдің берген жауабы қоғам арасында қызу талқыға түсті. Осы ретте, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділмановты аз-кем әңгімеге тартқан едік. Расында, «аш адам шығармашылықтың шыңына жетедi» деген мағынадағы пайым қаншалықты дұрыс? Әлде біз жаңсақ түсіндік пе? Жалпы, өнер адамдарына қаншалықты жағдай жасалып жатыр?

- Арыстанбек Мұхамедиұлының парламентте сөйлеген сөзінен кейінгі алақұйын әңгімеге не айтар едіңіз?

- Жол қуған – қазынаға жолығады, сөз қуған пәлеге жолығады, дейді атам қазақ. Әр нәрсенің жолы, жөні бар емес пе?  Кейде, ісіне қарамай сөзін бағып, еңбегін бағаламай өзін бағып отырамыз.  ...Әлеуметтік желілерде әртүрлі адамдар отырады делік, енді елдің жағдайын айтады деген кейбір арналар мен кейбір сайттар да адамның сөзін бұрмалай бастады.  Бұл не? Өнер деген еріккеннің ермегі емес...

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласының мақсат-мұраттарын орындауда, рухани салада қызмет етіп отырған  барлық мекемелердегі өнер адамдарына түсетін салмақ ауыр. Олардың атқарып жатқан еңбектері – ауыз толтырып айтарлықтай болып, ертең материалдық мәселесі шешіліп жатса, ел болашағының мәртебесі де биік емес пе?...

Осыған қолдау көрсетіп, қамқорлығын жасап отыратын  Мәдениет және спорт министрі де  – жай адам емес.

- Сонда, министр жай адам емес қой, сіз үшін?

- Сұрағыңның астарын түсініп отырмын...

Кешір, айналайын, министрге жағынайын, жақсаттанайын деп отырған жоқпын. Атақ-дәреже, мақтау-марапат  керек болса, мен  еңбегіме лайық, бұл министрге дейін-ақ алып қойғанмын бәрін.

Министрдің сұхбатындағы екі ауыз сөзді аяғына жеткізбей бұрмалап, тонын теріс айналдырып, халыққа басқаша жеткізу кімге керек болды? Жоқ, біреудің тапсырмасы ма? Тапсырма болмаған жағдайда,  біреуге  қызық керек пе?  Мен түсінбедім.  

Ал, министрдің жеке басына келсек, оны Елбасының өзі тағайындайды. Егер, дұрыс жұмыс істей алмаса, осы орында отырар ма еді? Тіпті, кеше есеп бергенде, депутаттар да  жұмысына оң бағасын берді. Ендігі жұмысына сенім білдірді.

Қазақ хандығының 550 жылдығында да, дүниежүзін аузына қаратып, айды аспанға шығарған ЭКСПО-2017 көрмесінде де қаншама қыруар жұмыстар атқарылды. Бел ортасында жүріп өзіміз де мақтандық. Бұрын-соңды болмаған мәдени іс-шараларды көргенде әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтардың арасында таңдай қақпаған жан қалмады.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы бағдарламалардың барлық жүгін арқалап келе жатқан да осы мәдениет пен спорт  саласы. Әлі де атқарылар қаншама шаруалар бар.     

Сол жасалып жатқан, енді жасалар шаралардың бәрінің басы-қасында  «жағдай жоқ, айлығымыз аз» – демей-ақ, атан түйенің жүгін көтеріп жүреміз әлі...

Қалай болғанда да қазақ руханиятының көтерер жүгі қашан да ауыр. Тәуелсіздік алғалы бері талай қиындықтарды басынан өткеріп келе жатқан қазақ өнері өз міндет-парызынан айныған жоқ. Барлықта тасыған жоқ, жоқтықта жасыған жоқ. Өйткені, өнер адамы болған соң, қазақ үшін, өзінің туған ұлты үшін, олар әрқашан аянбай қызмет етуге дайын.

Тағы да айтайын, мен жағымпаздықтан аулақпын, еңбекті бағалау керек, еңбек бағалану керек... «Елдік керек, бірлік керек..» - деп,  Елбасы айтқандай, соның бәрінің басында ауызбіршілік тұрады.

Сондықтан, айналайын іні-қарындастырым, әр сөздің салмағы болатынын ұмытпай, айтар-жазар сөзімізге абай болайық!

«Самауырынды су алыпты дегенді, Самарқанды су алыпты» деп жеткізудің қажеті қанша?

Осы өнерде өзегім талып 35 жылдай еңбек етіп келемін. Аға жасына келгенде ақиқатты айтып, шындық жағында тұруға менің де құқығым бар.

- Рахмет, ашық пікіріңізге.

Ұлт порталы