#
#
Сенбі 20/10/2018

"Болашаққа үнсіз қарап тұрмын мен..."

  • 30.07.2018
  • 0
  • 1287

Жас ақын Әлімжан Әлішердің "Құшақта мені" кітабының жарық көргеніне көп уақыт өте қойған жоқ. Тақырыбының өзінен жастық максимализмнің лебі есіп тұр емес пе?!

"Құшақта мені!" - мұнда арсалаңдаған ашық достық көңіл бар. Ішкі болмысымен егіз күй кешіп, ортадан оқшауланып, бара-бара жалғыздыққа оңбай шырмалатын ХХІ ғасыр адамын осы креативті көрінетін әрекеттің өзі таң қалдыратыны анық. 

Кітаптың ішкі сырына үңілмей тұрып, алдымен безендірілу ерекшелігіне тоқталсақ, одан да жастыққа тән жаңашылдыққа құштарлықты аңғаруға болады. Бұл кітаптың бір-ақ "әттеген-айы" бар - таралымы өте мардымсыз, бар болғаны - 500 дана.

Бұл күні жас таланттың кітабы шыққанда қуанамыз, "жастар не жазып жүр екен, жаһандық өзгерістердің біздің қазақы ортаға, қазақы мінез бен болмысқа жағып жатқан бояуын дәл аңғарып, бере алды ма? Қазіргі замандас жанын дөп басып танып жүр ме?" деген сұрақтардың айналасында, ойымыз қоздап, қызығушылығымыз лапылдап-ақ кететіні рас.

Себебі, дүние он төңкерілсе де өзгермейтін концептуалды поэзияға беріктігіміз кейде, шынында да, өкінішке жетелейді.

Алдыңғы идеялардан ажырауы қиын концептуалды өнерді - соның ішінде поэзияны  "ұнатам" дейтіндерді мен "имитаторлар" деп атар едім.

Сонымен, Әлімжан Әлішер қандай ақын? 

Жас таланттың тырнақалды кітабында біз іздеген жаңалық бар ма?

"Жаратылыс" өлеңінен:
Мен аспанға қол созамын, 
Қол созады аспан маған, - деген жолдарды кезіктірдім. Күллі тіршіліктің өзара тылсым байланысы бар екенін сәтті көрсеткен, мұнысы дұрыс, сонысымен өлеңнің негізгі өзегін тануға деген қызығушылығыңды оятады.

Алайда, бұдан әрі ақын:
Тек жақсылық аңса, жаным,
Өмірім бар басталмаған, - деген солқылдақ, әлсіз жолдарды алға тартады. Жас өркен жапырағын жайнатып, көкке саусақ созса, аспан жылы жауынын да, шуағын да аямай мейірленсе, "жақсылық аңсап" қана бір күнін өткізу адамзат баласына лайық па? Ертеңді жоспарлау, мақсатқа ұмтылу, мұзды жарып, тау қопару сынды жасқа тән бойдағы бұла күшті қайда қоясың?

Сондай-ақ, жас өркеннің өмірі дәнегі жерге түскенде-ақ басталып кететінін айтқым келеді. Жас ақындар заман тынысына сай, уақыттың қысқалығын һәм қымбаттығын бағаласа, терең сезінесе деген тілек бар.

Бұл айтып жатқан болмашы сынымыз Әлімжан ақынның жаман ақын екенін білдірмейді. Оның жырларында дионистік көңіл-күй бар, бірыңғай мұңға салыну көп байқалмайды. Сонысы қуантады. "Экстаз" өлеңінде: 

Жоқшылыққа өкінбей, барға сынбай,
Көрінбейтін ұстаған қолға сырнай.
Жауын жауса қызыққан әр тамшыға,
Жәндік көрсе, сырласқан жолдасындай,- деп, өнер адамының болмыс-мінезін дөп басып суреттеп береді.

Шынайы өмірді экстаз күйіне түскен адам, шынында, қабылдай қоймайтыны анық, жабайы тайпалардың шаман-бақсыларынан Буддаға дейін, одан кейінгі діни мистиктердің психологиялық күйінен діни экстаз халі байқалса, бұл ерекшеліктің бұдан басқа да түрлері бар екенін білеміз, соның ішіндегі  шығармашылық адамына тән ерекшелігі туралы:

Сіз олай қарамаңыз, есім дұрыс,
Қаңтардың тоқсаныншы күні бүгін, - деп ой өрген Әлімжан Әлішер ақындық өнер - жан мен Құдайдың өзара тылсым байланысы дегенді  жеткізгісі келгені анық.

Жас ақын өлеңдерінде өзіндік ой айтуға тырысады, бұл - анық. Сөйтсе де қазақ поэзиясындағы концептуалды бағыттан яки дәстүр жалғастығынан ірге ажыратып, бөлек  кете алмайды. "Туған күн" өлеңінде ол өз туған күнінің белгілі ақындармен қатар екенін айтып, сол үшін қаңтар айына мадақ айтыпты.

Осы өлең:
Болашаққа үнсіз қарап тұрмын мен,
Ортасында Қадыр менен Қасымның, - деп түйінделеді.

Қазіргі қайнап тұрған кезеңнің шумақ болып қаланғысы келетін сәттері мен мезеттері жеткілікті. Қазіргі адам мен жиырма жыл бұрынғы адамның арасы жер мен көктей. Бүгінгі адам жаны ақыннан өзін психологиялық тұрғыдан жітірек зерттеуді күтеді. Жалт-жұлт сезім, әсіре көңіл, үнсіз түсінісу формалары қазір мүлдем басқа болса,  күту, сағыну, кездесу, қоштасу жағдайы  да мүлдем басқаша. Бүгінгі адам - ғарыштың бөлшегі, белгілі бір шеңбердегі жүйенің емес...

Әлімжанның  "Жандауыс" дейтін диалог-өлеңі бар. Сонда ол бір нәрсені мойындайды:
- Неге көктем демейсің атқан күнді?
-  Бұзу оңай болмады таптаурынды! - дейді ол.

Демек, жас ақын поэзиядағы таптаурынды бұзуға тырысады. Бұл көңілге үміт ұялатауы мүмкін бе?

Әлімжан Әлішер өлеңдері туралы шыққан бір сын мақалада оны "ақын емес" деп уәж айтқан замандас, қатарластары болды. Алайда, талантты жастың ақын екенін айғақтайтын мына бір өлеңін алға тартқым келеді:

Көз алдым тұрса дағы бұлдыр болып, 
Есте қалар ештеме бүлдірмедік.
Мен бір түні үйімнен қашып шықтым,
Қайыққа мінгім келіп.

Құдай, мені сол сәтте бақытты еттің,
Жұлдызына таң қалып бақыт көктің.
Қапияда қайығым аударылып,
Батып кеттім.

Аңғарып бүгінімді, өткенімді,
Білмедім,
Қайда?
Қашан?
Шектелуді.
Ешкім әлі білмейді содан бері,
Менің батып кеткенімді.

Әлімжан Әлішер - сыршыл лирик, талантты ақын. Ол әлі де ізденіс һәм даму үстіндегі қалам иесі. Әлімжанның алдағы шығармашылығынан заман тынысын дөп басқан, жаңа заман адамының болмыс-талғамымен әдемі үндесетін әсерлі лирика күтеміз.

Анар Қабылқақ, сыншы

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар