11 нау, 2020 сағат 21:10

Бокстан олимпиадалық іріктеу турнирі: Әбілхан Аманқұл «күміс» алды

Иорданияның Амман қаласында өтіп жатқан бокстан Олимпиадаға іріктеу турнирінде ел қоржы екінші күміс медальмен толықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

75 келі салмақта сынға түскен Әбілхан Аманқұл турнир финалында филиппиндік Эумир Марсьяльмен жұдырықтасып, жеңіліп қалды. 

Алтын үшін айқаста қос боксшы да аянып қалған жоқ. Аса тартысты өткен жекпе-жек қорытындысында төрешілер бір ауыздан филиппиндік боксшыны жеңімпаз деп тапты.

Осылайша, финалға шыққан төрт боксшымыздың екеуі алтынға сынық сүйем қалғанда сүрініп, күмісті қанағат тұтты.

Естеріңізге сала кетсек, Әбілхан Аманқұл кеше жартылай финалда Қытай елінің намысын қорғап жүрген, сол елде тұратын қандасымыз Таңатхан Тоқтарбекті ұтып, финалға жолдама алған болатын.