24 қыр, 2019 сағат 02:06

Бокстан әлем чемпионын маңғыстаулықтар қошеметпен күтіп алды

Ақтау әуежайына облыс әкімі Серікбай Трұмов бастаған 100-ден астам маңғыстаулық жиналып, бокстан әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетовті күтіп алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жиналғандардың қошеметі мен ыстық ықыласы зор болды. Қолдарына плакат ұстап, көк байрағымызды желбіреткен жастар «Бекзат» деп айқайлаумен болды.

Ұшақтан түскен бойда шашу шашылып, ұлттық тағамдар ұсынылды. Бекзат пен бапкері Марат Жәкиевті күтіп алғандар құттықтау лебізін жаудырды.

Кездесу кезінде бірінші болып сөз алған аймақ басшысы былғары қолғап шебері Бекзат Нұрдәулетовке барлық маңғыстаулықтардың атынан алғыс айтып, шын жүректен ризашылығын білдірді.

«Төбеміз көкке жеткендей болды, қуанышымыз құтты болсын! Әрине, Маңғыстаудың мерейін асырып, мәртебесін асқақтатқан спорт саңлақтарымыз бар. Бірақ, оның ішінде Бекзаттың орны ерекше. Әр қарсыласын айқын басымдықпен жеңді. Оның ішінде кубалықты жеңгені тіпті керемет»,-деді Серікбай Трұмов.

Бекзат Нұрдәулетов қарсы алуға келген барлық жанкүйерлер мен өңір басшысына ризашылығын білдіріп, «бұл Жеңісті барлық қазақстандықтарға арнаймын» деді.

Айта кетейік, Бекзад Нұрдәулетов 81 кг салмақта ақтық финалға жолдама алып, кейін финалда жеңіске жеткен болатын.